È

«Ұлы дала комедиясы»: Бақытты іздеме алыстан

«Ұлы дала комедиясы»: Бақытты іздеме алыстан

Қазақ киносы тағы бір тамаша туындымен толықты. Қазан айының 14-ші жұлдызында әнші, айтыскер ақын Төреғали Төреәлі «Ұлы дала комедиясы» атты тырнақалды туындысының тұсауын кесіп, ең алдымен БАҚ өкілдері мен өнердегі әріптестеріне ұсынды. Картинаның басты кейіпкерін өзі сомдаған әртіс енді актерлік қырынан танылды. «Сегіз қырлы, бір сырлы» жігіттің алғашқы кинокартинасына толығырақ тоқталайық.

Халыққа 18 қазаннан бастап жол тартқан «Ұлы дала комедиясында» әнші Төреғали Төреәлі өзін сомдап, өмірінен біраз сыр шертеді. Картина әншінің басынан өткен шынайы оқиғаларға негізделген. Сондықтан, фильм оның журналистермен сөзге келіп қалу кезін және Павлодардағы оқиғаны бір шалып өтеді. Әрине, «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды» демекші, қателігін мойындаудың өзі үлкен өнер. Әнші әрі кино әлеміне жаңадан қадам басқан актер фильм барысында даулы оқиғалары үшін халықтан кешірім сұрап та үлгереді.

«Ұлы дала комедиясының» сюжеті бойынша Ұлы дала баласы «ТТТ» жұлдыз ауруына шалдығып, биіктеген сайын, айналасындағы адамдарды көрмейді. Жақындарын сыйлаудан қалып, өзін барлығынан жоғары қояды. Тәкаппар эстрада жұлдызының ақшасы да, атағы да бар. Атақ-даңқ, байлық әншінің көзін жіпсіз байлайды. Осының барлығына мастанып жүріп, ол жақындарының қамқорлығын сезінбейді. Алайда, өркөкірек әнші бір-ақ сәтте барлығынан айырылады. Бір күні жол апатына түсіп қалады да, аяқ астынан, қарапайым шаштараз Талғатқа айналады. Уақыт өте келе, отбасын сырттай бақылап жүрген Талғат «мені әке-шешем күнде осылай күтіп жүреді екен ғой» деп, қателігін мойындап, жақсы жаққа өзгере бастайды. Осылайша, өмірдегі басты құндылықтың не екенін түсінеді.

Картина комедия жанрында түсірілсе де, адамға ой салады. Отбасылық құндылықтарды дәріптеп, туғаныңнан асқан жақынның жоқтығын көрсетеді. Қанша жетістікке жетіп, биіктеп кетсең де, қарапайымдылықты сақтап қалуға үндейді. Сондай-ақ, фильмнен шоу-бизнес әлеміндегі шынайы көріністі және боямасыз өмірді көресің.

Басты рөлді сомдаған Төреғали Төреәлінің негізгі мамандығының актер екенін ескерсек, бұл қабілетін аша білді деуге болады. Ал Төреғалидің екінші бейнесі - шаштараз Талғаттың жары, аяғы ауыр келіншек Айсұлуды сомдаған Мадина Оспан да өз рөлін беріле орындап, тамаша актриса екенін көрсетті. Кейіпкер фильмде барынша күйеуіне қолдау білдіріп, қиындықта демеу болды. Жанашыр, қамқор әйел образын жақсы аша білді. Фильмде әншінің қателігін түзеп, дұрыс жолға түсіруге тырысқан Дәулет Бижанов та актерлік қабілетін шыңдай түсті. Сонымен қатар, әзілге құрылған картинадан «Өнер қырандары» театрының әртістерін де көруге болады.

Фильм режиссерлігімен жақында халыққа «Екі адамдық мақала» картинасын ұсынған Дархан Сәркенов айналысты. Ал сценарийін Әбдісаид Шайхисламұлы жазған. Негізі, комедия сценарийі бір жыл бұрын жазылған екен. Алайда, фильм биылғы жазда түсірілді.

Айта кетсек, бұл - Төреғали Төреәлінің кино әлеміндегі актер ретіндегі алғашқы туындысы. Төреғали бала кезінен бері актер болуды армандаған. Әнші бір сұхбатында: «Менсіз де қазақта актер де, кино түсіріп жатқан адам да жетеді. Бірақ ақсап тұрған қазақ тілінің бір жыртығын жамасақ, құлап тұрған қабырғасын тұрғызуға күшіміз, әліміз жетіп жатса, неге жасамасқа?» - деген еді. Сондықтан, көптен бергі арманын орындай отыра, қазақ киносының дамуына тамшыдай ғана үлес қоса алса, туындысы халықтың көңілінен шығып жатса, қуанбасқа болмайды. Америка бірден тұрғызылған жоқ. Отандық кинокартиналар шыққан сайын, сынап-мінеуге асықпай, қолдау көрсетуге тырысқанымыз жөн шығар. Кез-келген картина арқылы қазақ киносының алға жылжып, дами түсетіні анық. Қазақ тілінде түсірілген «Ұлы дала комедиясын» Төреғали Төреәлінің жанкүйерлері де, үлкені де, кішісі де асыға күткен сияқты. Ендеше, күнделікті күйбеңнен арылып, дүниедегі маңызды құндылық жайлы ойланып, әрі көңіліңізді көтеріп қайтқыңыз келсе, аталмыш туындыны тамашаласаңыз болады. Бірге кино көрейік!!!

 

Киноға Мадина Мұратжанқызы барды

 

«Ұлы дала комедиясы» фильмінің көрсетіліміне шақырғаны үшін Sulpak Cinema компаниясына және Chaplin кинотеатрлар желісіне алғыс білдіреміз.


Оцените рецензию

1 пікір

Пікір қалдыру үшін

Sagynbaeva Aiaulym

13 мамыр 2021, 09:59

Мен үшін жаксы пікір. Маған да ұнады кино. Және менің сабағыма да керек болған сыни пікір. Рахмет

Рекомендуем

Рецензии

18 Маусым, 2018

«Суперотбасы – 2»: Бірлік болмай, тірлік болмас

«Суперотбасы – 2» мультфильмі жайлы пікір 

BrodKaz

Рецензии

10 Қазан, 2018

«Қаржыгер. Шығу ойыны»: Санның сапаға айналуы

Коммерциялық  кино бағытында алға ілгерілеу айқын байқалады

Brod.kaz

Рецензии

6 Қазан, 2018

«Веномның» жаңа бейнесі

«Веном» фильміне пікір

Brod.kaz

Рецензии

13 Қыркүйек, 2019

«Қымбатты әке» фильміне пікір

Фильм кинотеатрда 12 қыркүйектен басталады

Brod.kz

Таныс бейне

Санұржан Сүлейменов

Актер