È

Жеңісхан Момышев: «Қазақша кәсіп Америкада» фильмін түсіру бірінші бөлімінің айналымынан кейін шешілді»

«Қазақша кәсіп Америкада» фильмінің режиссері Жеңісхан Момышевпен сұхбат

Жақын арада Жеңісхан Момышев «Қазақша кәсіп Америкада» комедиясының түсіріліміне кіріспек. Картина - айналымнан 300 миллион теңгеге жуық қаржы жинап, отандық кинокассада рекорд орнатқан «Қазақша кәсіп» фильмінің жалғасы. Жеңісхан өзі туралы және алдағы түсірілім жөнінде толығырақ Brod.kz-ке берген сұхбатында айтып берді.


- Сіздің кинодағы жолыңыз қалай басталды?

- Менің мамандығым экономист. Киноға өнер мен шығармашылыққа деген махаббатымның арқасында келдім. Ұзақ жылдар бойы хореографиямен, музыкамен айналыстым. Кейіннен, клипмейкер атандым. 2015 жылы алғашқы хикаямды түсірдім. Ал қазір фильмдерге режиссерлік жасаймын. Мен барлығына бірден келе салған жоқпын, тәртіп бойынша түрлі кезеңдерден өттім. Клипмейкинг маған үлкен сабақ болды, сол арқылы материал өңдеуді, бейнені көруді үйрендім. Мен алғашқы толықметражды фильмімді экшн жанрында түсіремін деп ойлаған едім. Бірақ, тағдырдың қалауы басқа болды. Алғашқы жобам «Қазақша кәсіп» фильмі болды. Оған еш өкінбеймін.

- «Қазақша кәсіп» фильмінің идеясы қалай дүниеге келді?

- Бастапқыда «Қазақша кәсіпті» хикая ретінде түсіру жоспарда болған. Бірнеше талқылаудан соң, оны толық метр қылып түсіреміз дедік. Сценарийін Әлішер Утев пен Нұрлан Қоянбаев жазды. Сценарииймен танысып болғаннан кейін екі аптадан соң, түсірілім тобын жинап, фильмге кірісіп кеттік. Картина түсіріліміне атсалысқан барша жандарға, әсіресе, екінші режиссер Евгений Морев пен фильм директоры Рустам Юсуповқа тағы да алғыс айтқым келеді.

- Көрермендер комедияны не себепті жақсы көрді деп ойлайсыз?

- Фильм туралы шынымен де жақсы пікірлер айтылды, айналымда 8 апта бойы тұрды. Көрермен атынан сөйлей алмаймын, дегенмен картинаны кәсіби тұрғыда киноға, халыққа деген махаббатпен түсіргенімізді сенімді түрде айта аламын. Екіншіден, фильмде туыстық қатынас туралы жағымды оқиғаны көрсетуге тырыстық. Өйткені, барлық адамның туыстары бар ғой. Әсіресе, қазақтарда олар мыңнан асады (күлді). Таспада көрсетілген қарым-қатынас барлығына жақсы таныс. Көрермендерге осы ұнаған секілді. «Қазақша кәсіп» картинасын халықтық комедия деп атасақ та болады.

- Фильм жалғасын түсіруді қашан ұйғардыңыздар?

- «Қазақша кәсіп Америкада» фильмін түсіруді алғашқы бөлімнің айналымынан кейін шештік. Біз Нұрлан Қоянбаев екеуіміз ұзақ ойланып, жаңа сценаристерді - Сәбит Рахымбаев пен Әуэз Әуэзовты шақырдық. Олар мағыналы әрі тамаша хикая жазып шықты.

- Екінші бөлімінің «Қазақша кәсіп Америкада» атауына қарасақ, картина штатта түсірілетін секілді. Түсірілім нақты қай жерде болады?

- «Қазақша кәсіп Америкада» фильмінің түсірілімі Лос-Анджелесте өтеді. Ол жақта 20 күндей, ал Қазақстанда 10 күн жұмыс істейміз. Түсірілімге барлығы бір айдай уақыт кететін шығар. Біз әдемі локацияларды таңдап қойдық. Көрермендер таң қалады деп ойлаймыз.

- Екінші бөлімде қандай хикая болады?

- Әзірге фильмнің жәй-жапсарын айтқым келмейді. Бірақ, әсерлі сюжеті бар көңілді хикая болады. Көрермендер бұрынғы кейіпкерлердің ішінен Жомартты (Нұрлан Қоянбаев), Бағдәулетті (Қажет Смағұлов) және Аленді (Жан Байжанбаев) көре алады. Қалған кейіпкерлерді шетелдік актерлар сомдайды. Олар фильмде өз ана тілдері – ағылшынша сөйлейтін болады.

- Сіз алғашқы «Қазақша кәсіп» фильмі жарыққа шыққанға дейін немен айналыстыңыз?

- Бейнебаян түсіруге қайта оралдым. Әрине, «Қазақша кәсіптен» кейін толық метр түсіру жөнінде түрлі ұсыныстар келген. Бірақ, өзім рухани тұрғыда фильм жалғасын түсіруге дайындалып жүрдім. Оның үстіне, комедиялық таспаның сценарийімен және драма элементтерімен айналыстым. Мен үшін бұл жеке оқиға, сондықтан оны жүзеге асыруға асықпаймын. Мен кинома келген көрерменнің тек қана күліп қайтып, кейін ұмытып қалғанын емес, демалып, жылап әрі ойланып кеткенін қалаймын. Мен үшін фильмді көрген адамның өзіне тиісті дүниені алғаны маңызды. Біреуді кешіргенін немесе досымен кездесуді қалағанын мен де қалаймын. «Қазақша кәсіп Америкада» фильмінен соң, мүмкін өз жобамды жасайтын шығармын.

- Қазақстандық көрерменннің комедияға үйренгені соншалық, драма мен басқа да жанрларды қинала қабылдайды. Осы пікірмен келісесіз бе?

- Қазір ешкім артық мәселемен бас ауыртқысы келмейді, онсыз да айналамызда жағымсыз ақпараттар өріп жүр. Киноға бара жатқан кез-келген адам тұрмыстық әрі жеке мәселелерден бір сәт те болса арылғысы келеді. Иә, отандық көрерменннің ауыр драмаға дайын емес екендігіне келісемін. Дегенмен, аудитория талғамына ақырындап өзгеріс енгізу қажет. Біздің кинематографшыларымыз түсірмеген әлі де қаншама жанрлар бар.

- Әріптестеріңіздің арасынан кімнің шығармашылығын үнемі бақылап отырасыз?

- Мен Ақан Сатаевтың шығармашылығын ерекше қызығушылықпен бақылаймын. Сонымен қатар, Сатыбалды Нарымбетовтың жұмыстары қызық. Жаңа режиссерлардың ішінде Асқар Ұзабаевтың, Асқар Бисембиннің және Жасұлан Пошановтың картиналарын қарап отырамын.

- Сізге фестивальды айналым қызықты ма?

- Әрине, фестивальдерге қатысып, жұмыстарды көрсетіп, сынды тыңдап қайтқан дұрыс қой. Менде терең драмалы қысқаметражды фильмдерге арналған сценарийлер бар. Алайда, әзірге эмоциялы ауыр картиналарды түсіруге дайын емеспін. Ерте ме, кеш пе оның болатынын білемін. Коммерциядан да жалығатын кездер болады.

- Жас режиссерларға қандай кеңес айтасыз?

- Жастарға айтарым: ештеңеден қорықпаңыздар, қолыңыздан келмейді дегендерге құлақ аспаңыздар. Егер жігіттер өз өмірін киноға арнағысы келсе, арманды жүзеге асыруға тырысу қажет. Мақсатты әрі табанды болыңыздар. Кинодағы орны бар ма, жоқ па, оны тағдырдың өзі айқындап береді.

Сұхбаты үшін Жеңісхан Момышевқа алғыс білдіреміз!

Әңгімелескен Әйгерім Қасқыр

Суреттер Жеңісхан Момышевтың жеке VK парақшасынан алынды

1 пікір

Пікір қалдыру үшін

Болат Кисамбаев

4 тамыз 2017, 14:15

ждем «Бизнес по-казахски в Америке»

Рекомендуем

Интервью

26 Тамыз, 2019

Алдияр Байрақымов: «Бізге керегі – нарықты дүр сілкіндіретін қызықты, сапалы сценарий»

I Baiqonyr SFF «Үздік сценарий» номинациясы жеңімпазы Алдияр Байрақымовпен сұхбат

Brod.kaz

Интервью

24 Тамыз, 2019

Шарипа Оразбаева: «Қазақ киносының өткені ол классика. Ал бүгіні ізденіс»

І Baiqonyr SFF бас жүлдесінің иегері Шарипа Оразбаевамен сұхбат

Brod.kaz

Таныс бейне

Ақан Сатаев

Режиссер

Вадим Шлахтер

Актер

Анастасия Фёдорова

Актриса