È

Ақан Сатаев «Елбасы жолы. Әлем эпицентрінде» және «Томирис» фильмдеріне актерлар іздейді

Ақан Сатаев «Елбасы жолы. Әлем эпицентрінде» және «Томирис» фильмдеріне  актерлар іздейді. Қазақстан киносы

«Қазақфильм» киностудиясы «Sataifilm» кинокомпаниясымен бірігіп, «Елбасы жолы. Әлем эпицентрінде» және «Томирис» атты екі көркем фильміне актерлар іздеп, кастинг өткізеді. Екі жобаның да қоюшы-режиссері бұрындары «Анаға апарар жол», «Аудандар» және «Ол» фильмдерін түсірген Ақан Сатаев болмақ.

Кастингке 16 жастан жоғары кез-келген ұлт өкілінің жігіттері мен қыздары, әйелдері мен азаматтары қатыса алады. Кәсіби білімі мен түсірілімдегі тәжірибесі болса құба-құп. Кастингке келе алмайтындар жақыннан (анфас және профиль, бояусыз, фильтрсіз және көзәйнексіз), орта белден және толық түскен суретін жіберуі қажет. Сонымен қатар, өзі туралы жазылған толық мәліметті (Аты-жөні, тегі, туған жылы, бойы, салмағы, көзі мен шашының түсі, жоғары оқу орны, жұмысы мен қызметі, түсірілімдегі тәжірибесі) және байланыс нөмірін casting_satai@mail.ru электронды поштасына жолдауы қажет.

22-23 маусым аралығында актерлар Павлодарда Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында таңдалады.

26 және 27 маусым күндері Семейде, Абай атындағы Шығыс Қазақстан облыстық мемлекеттік музыкалық драма театрында кастинг өтеді.

Ал 29-30 маусым аралығында Өскеменде, Шығыс Қазақстан облыстық драма театрында актерларды іріктеу басталады.

Суреттер: Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметі

«Елбасы жолы. Әлем эпицентрінде» фильмі – «Елбасы жолы» киноэпопеясының алтыншы бөлімі. Картинада Қазақстан астанасының Алматыдан Астанаға көшірілуі және оның құрылысы баяндалады.

Екінші жоба «Томирис» - сақ патшайымы Тұмар ханша туралы және оның парсы патшасы Кирмен ұлы дала үшін шайқасын баяндайтын тарихи таспа. Алматыда актерларды таңдау «Қазақфильм» киностудиясының «Екі павильондық» ғимаратында өтеді.

Кастингтердің өткізілу уақыты: 9:00-ден бастап, 18:00-ге дейін.

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Тұңғышбай Жаманқұлов

Актер