«Таңғы шапағат нұры» фильмінің актері Монако кинофестивалінде ерекше аталып өтті
Дархан Төлегеновтың «Таңғы шапағат нұры» қысқа метрі халықаралық кинофестивальдердің жүлделерін жинауды жалғастыруда. Фильм «Monaco charity international film festival-де» белгіленді. Картинада басты рөлді сомдаған актер Ерболат Атабай «Үздік ер азамат рөлі» номинациясы бойынша жеңіске жетті.
«Таңғы шапағат нұры» фильмінде 15-жасар Димаш туралы баяндалады. Жасөспірім ата-анасы ажырасқан соң, күйзеліске түседі. Ол босаңсып қалған ішкі жан-дүниесін қалайда толтыруға тырысады. Бірақ, үйге анасының жаңа жігіті келгенде, оқиға шиеленісе түседі.
«Таңғы шапағат нұры» фильмінен көрініс
Картинада жасөспірімнің рөлін Ерболат Атабай сомдады. Ал анасын Баян Кажнабиева, анасының жігітін Дұлыға Ақмолда ойнады. Соңғысы Дархан Төлегеновтың «Бағыт» атты басқа жұмысында да басты рөлді сомдаған.
Айта кету керек, «Таңғы шапағат нұры» фильмінің қоржынында «Қырғызстан - қысқаметражды фильмдердің елі» фестивалінен «Гран-при» және «Шеттетілгендердің үш күні» кинофестивалінен бас жүлде бар. Сонымен қатар, фильм Анападағы «Киношок» пен Тәжікстандағы «Дидор» фестивалдерінің байқау бағдарламаларында көрсетілген.
пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін