Әлия Назарбаева, Серік Әбішев, Ольга Хлащева және Алтынай Нөгербек «NewYorkEurasianfilm festival-дің» жеңімпазы атанды
Қазақстандық фильмдер, продюсерлер және актерлар V Халықаралық Нью-Йорк Еуразия кинофестивалінде бірнеше жүлделерге ие болды. Фестивальдің байқау бағдарламасына Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмі, Әділхан Ержановтың «Қаратас ауылындағы оба» картинасы, Ратмир Назаровтың «Пәтер жалдаушы қыз» және Максим Қодаровтың «Куб» фильмдері енген болатын. Отандық картиналарға бәсекелес ретінде Әзербайжаннан, Америкадан, Бразилиядан, Қырғызстаннан, Түркиядан, Оңтүстік Кореядан келген 30 шақты жұмыс қатысты.
Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» драмасы «Үздік көркем фильм» номинациясын жеңіп алды. Ал картина продюсері Әлия Назарбаева «Кинодағы Еуразиялық әйел» жүлдесін иеленді. Сонымен қатар, «Анаға апарар жол» фильміндегі рөлі үшін отандасымыз Алтынай Нөгербек «Үздік актриса» санаты бойынша жеңіске жетті.
«Анаға апарар жол» фильмінен көрініс
Үздік продюсерлер атауы «Қаратас ауылындағы оба» кинотаспасы үшін Серік Әбішев пен Ольга Хлащеваға бұйырды. Максим Қодаровтың «Куб» қысқаметражды таспасы құрметті атауға ие болды.
New York Eurasian film festival – 2010 жылдан бері өткізіліп келе жатқан халықаралық кинофестиваль. Байқаудың негізін қалаушы - Нью-Йорктың тәуелсіз режиссерлар ұйымы. Фестивальдің басты мақсаты - Америка мен Еуразия мемлекеттерінің арасындағы мәдени байланысты нығайту.
пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін