È

«Құмырсқа адам және Сона» айналымда 120 млн-нан астам теңге жинады

5-8 шілде аралығындағы кассалық жинақ

Өткен апта Астананың 20 жылдығын тойлаумен және XIV Халықаралық «Еуразия» кинофестивалін өткізумен ғана есте қалған жоқ, сонымен қатар айналымға жаңа картиналар шықты. Көрермендерге бірінші рет «Құмырсқа адам және Сона» суперқаһармандар киносы, «Джим Пуговка мен машинист Лукас» отбасылық фэнтезиі және «Жақындап көр» романтикалық комедиясы ұсынылды. Қандай фильмдер көрермендерге ұнады, ал қайсысы назардан тыс қалып жатты? Барлығын Қазақстандағы кассалық жинаққа* арналған материалымыздан оқи аласыздар.

«Құмырсқа адам және Сона» фильмінің алғашқы демалысы авторларға 127 179 353 теңге сыйлады. Сиквел жайлы «Құмырсқа адамның» (2015) бірінші бөлімі шыққаннан кейін үш айдан соң хабарланды. Алғашында 2018 жылдың шілдесінің бірінші күндеріне «Капитан Марвел» таспасының тұсаукесері белгіленген болатын, бірақ шығу күні 2019 жылға ауыстырылды. Нәтижесінде, бүл күні «Құмырсқа адам және Сона» шығарылды.

«Оушеннің 8 құрбысы» фильмінен көрініс
«Оушеннің 8 құрбысы» фильмінен көрініс

«Оушеннің 8 құрбысы» қылмыстық хикаясы үздік үштіктің қатарынан табылуда. Өткен апта картинаға 23 211 900 теңге сыйлады. Клод Беккер рөліне Дэмиэн Льюистың («Қасқыр залы») қарастырылғаны белгілі болды. Кейін, ұзақ тыңдалымнан соң рөл көпшілікке «Хоббит» әлеміндегі Торин Дубощит арқылы таныс Ричард Армитеджге бұйырды.

«Сен жүргізесің!» комедиялық картинасы 23 169 840 теңге жинай алды. Фильм түсірілімі 2017 жылы АҚШ-тың Джорджия штатындағы Атланта қаласында өткен. Трюктердің бірін түсіріп жатқан кезде Джереми Реннер (Marvel киноәлеміндегі Сұңқар көздің рөлін сомдаушы) оң шынтағы мен сол білегін сындырып алған. Бірақ, жарақатқа қарамастан актер каскадерлердің көмегіне жүгінбей, барлық трюктерді өзі орындап шықты.

«Суперотбасы 2» мультфильмі көрермен жинауды жалғастыруда. Өткен демалыс картинаға 23 156 652 теңге әкелді. Сиквелде Шастик жаңа дауыспен сөйледі. Өйткені, осы кейіпкерді бірінші бөлімде дыбыстаған Спенсер Фокстың дауысы жуандау болып, жазбаға сай келмеген. Қалған кейіпкерлерді бұрынғы актерлар: Крэйг Нельсон (Боб), Холли Хантер (Хелен) және Сара Вауэлл (Фиалка) дыбыстады.

«Юрск кезеңі әлемі 2» фильмінен көрініс
«Юрск кезеңі әлемі 2» фильмінен көрініс

«Юрск кезеңі әлемі 2» шытырман оқиғалы фильмі 11 799 300 теңге көлемінде пайда тапты. Картина режиссері Колин Треворроу болуы мүмкін еді, «Юрск кезеңі әлемі» (2015) табысынан кейін Lucasfilm студиясы оны «Жұлдыздар соғысының» тоғызыншы эпизоды түсіріліміне шақырған болатын. Алайда, Треворроудың «Генри кітабы» (2017) атты жұмысы сәтсіз болғандықтан, студия оның қызметінен бас тартуды жөн санаған.

«Инстаграмшыл қыз» отандық комедиясы екінші аптада 11 527 585 теңге жинады. Картина сценарист Арыстан Кауневтің режиссерлік дебюті болды. Автордың қаламынан бұрын «Қазақша кәсіп», «Аға ма әлде неке ме?» және «Арманға қарай» фильмдері шыққан болатын. Айта кету керек, алғашында Каунев жобаға сценарист ретінде қатысқан, бірақ кейін продюсерлер оған режиссерлік орынды ұсынады.

«Жақындап көр» фильмінен көрініс
«Жақындап көр» фильмінен көрініс

«Жақындап көр» романтикалық комедиясының алғашқы жинағы 5 485 800 теңгені құрады. Француз актері Франк Дюбоск («Джульетта нені қалайды») үшін жоба режиссурадағы дебют болды. Оның үстіне, ол сценарий авторы болып, басты рөлді сомдады.

«Қоштаспаймыз» әскери драмасы 3 042 200 теңге жинады. Фильм 1941 жылы Калинин ауылында, қазіргі Тверь қаласында болған шынайы оқиғаға негізделген. Сценарист әрі режиссер Павел Дроздов шынайы картина үшін ресми ақпаратты және сол оқиғаның куәгері болған әжесінің естеліктерін пайдаланған.

Ал мына таспалар көрермендерді қызықтыра алмады: «Джим Пуговка және машинист Лукас» - 1 265 400 теңге, «Кітап клубы» - 1 218 000 теңге, «Тұла бойы сұлу» - 1 208 400 теңге және «Көрінбейтін» - 1 179 663 теңге.

 

*Материал Meloman Entertainment және Ticketon.kz компанияларының мәліметтері бойынша дайындалды

 

1 пікір

Пікір қалдыру үшін

Мырзахмет

11 шілде 2018, 21:26

Все круто и отлично

Таныс бейне

Аян Өтепберген

Актер

Құралай Анарбекова

Актриса