Құралай Анарбекованың тұрмысқа шығуына не кедергі?
Актриса «Аға ма, әлде неке ме?» комедиясындағы рөлі туралы айтып берді
Отандық актриса Құралай Анарбекова «Аға ма, әлде неке ме?» («Брат или брак?») комедиялық фильміне түсіп жатыр. Ол картинада Гаухар есімді қызды сомдайды. Гаухар жеке өмірін реттегісі келеді. Бірақ, ағаларының шектен тыс өбектеуінен жігіттермен қарым-қатынасы дұрыс болмай жатады.
Актрисаның өзі Гаухардың жағдайын жақсы түсінетінін жеткізді.
«Гаухар – мінезді, рухты бойжеткен. Ол өмірден өз бақытын тауып, тұрмысқа шығып, отбасылы болғысы келеді. Бірақ, ағалары романтикалық қарым-қатынасқа рұқсат бермейді. Алишер Утев осы комедияның идеясын ұсынған кезде, қуана келістім. Фильмдегі хикая маған жақсы таныс. Әкемнің әпкесіне де ағаларының шектен тыс өбектеуінен оңай болған жоқ»,-деп бөлісті Құралай Анарбекова.
Сурет Құралай Анарбекованың жеке Instagram парақшасынан алынды
Сондай-ақ, түсірілімге Дәурен Серғазин, Тәуекел Мүсілім, Әбунасыр Серіков, Мұрат Бисенбин қатысуда.
«Жобамен жұмыс істеп жүргендер жас болса да, өте мықты жандардан құралған. Түсірілімнің барлығы тәртіп пен кесте бойынша өтуде. Осы орайда, режиссеріміз Ернар Нұрғалиевтің еңбегін ерекше атап өткім келеді. Ернармен жұмыс істеудің өзі бір ғанибет. Маған жүктелген тапсырмаларды ойдағыдай орындауға тырысып жатырмын. Көрермендерге киномыз ұнайды деп ойлаймын. Себебі, фильмде діліміздегі, қоғамымыздағы жағдайлар айқын көрсетіледі»,-дейді актриса.
Айта кету керек, Құралай Анарбекова жобаға тек актриса ретінде ғана қатысып қойған жоқ, бас продюсерлік қызметті де қатар алып жүр. Жобаға Ернар Нұрғалиевті шақыруға өзі түрткі болған.
«Аға ма, әлде неке ме?» фильмінің түсірілімі 26 мамыр күні Алматыда басталған.
пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін