È

Дәстен Шәкіров «Қараман» тылсым фильмін ұсынды

Дәстен Шәкіров «Қараман» тылсым фильмін ұсынды

Алматылық көрермендерге «Қараман» тылсым триллері ұсынылды. Қоюшы-режиссері әрі басты рөлді сомдаушы - Дәстен Шәкіров.

«Қараман» фильмі – көне жәдігерлерді іздеп, оларды қара базарда сатумен айналысатын бес қазушы туралы хикая. Топ «Қараман» алтын мүсіншесі жайлы біліп қояды. Жігіттер қазынаны іздеу барысында қандай баға төлеу керектігін сезінбей, жолға шығады.

«2016 жылы біз сынамалы нұсқасын түсірдік. Бірақ, кейін бір нәрсенің жетіспейтінін түсіндік. Жаңа түсірілімге дайындық барысында продюсерлер маған режиссер ретінде бағымды сынап көруімді ұсынды. Актер мен режиссер қызметін бірге алып жүру қиындау болды, дегенмен барлық шешімді топ болып қабылдадық. Сондықтан, үлкен қолдауды сезіндім. Түсірілім кезінде көптеген тылсым жағдайлар орны алды. Мысалы, рухты сомдаған актерді түсіріп жатқанда, ылғи жарықпен кедергі туындады, ал тауға шыққан кезде, жабайы аңдарға тап болдық», - деді Дәстен Шәкіров.

Триллер кейіпкерлерін Марат Абай-Ділда, Филип Волошин, Марат Абдуллаев, Асан Мәжит және Ержан Нүсіпақынов сомдады. «Қараман» фильмінің түсірілімі 2017 жылғы күзде Түргенде, Ассы үстіртінде және Қайыңдыда өтті.

«Сценарийді Тимур Жақсылықовпен бірге жаздық. Фильмнің негізгі идеясы – алдымызда ештеңеге қарамастан байып кетуге болатын немесе жақындарымыз бен достарымызды ұмытпай, адал еңбекті таңдайтын жол тұрады. Сценарийге бір айдан астам уақыт кетті. Нағыз автордың өз жұмысына ешқашан көңілі толмайды. Әрине, тағы біраз өзгерістер енгізгің келеді. Маған бір нәрселердің ұнамағаны да жақсы шығар. Демек, әрі қарай өсуге мүмкіндік бар», - деді сценарийдің қосалқы авторы Мейірмани Нұрлыбек.

Сонымен қатар, фильмге кинематографиялық ортада танымал қоюшы-оператор Қазбек Әмержанов пен композитор Әбілқайыр Жарасқан атсалысты.

«Біз жұмыс істей бастаған кезде, бұл жобаның жаңа музыкалық бағытты талап ететінін түсіндім. Алдыңғы жобаларда симфониялық оркестр мен ұлттық аспаптарға мән берген болсам, бұл жердегі музыка абстрактілі, кеңістікке толы, кейде қорқынышты болды. Роман Киммен бірге 30-дан аса треко жаздық, оның 20-сы фильмге енді. Жұмысқа 2 ай уақыт кетті», - деп бөлісті композитор.

«Қараман» тылсым хикаясы 12 сәуірден бастап айналымға шығады.

 

Көрсетілімнің ыңғайлы кестесін кинотеатрлар афишасынан көре аласыздар.

 

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Досхан Жолжақсынов

Актер