È

Дәурен Айдарқұлов «Кинодан да артық» фильмінде басты рөлді сомдауы тиіс болған

Дәурен Айдарқұлов «Кинодан да артық» фильмінде басты рөлді сомдауы тиіс болған

Алматыда Lumiera cinema кинотеатрында Асқар Бисембиннң «Кинодан да артық» фильмінің алдын-ала көрсетілімі өтті. Бұл - режиссер әрі продюсердің 2017 жылы шыққан екінші картинасы (наурызда «Наурыз.kz» комедиясы шыққан болатын – ред.)

«Кинодан да артық» комедиялық таспасы – дебютті фильміне қаржылай қолдау іздеп жүрген жас режиссердің хикаясы. Кейіпкерге бір күні балалар бағдарламасының режиссері болып, ақша табуға мүмкіндік туады. Бір қоюшының түсірілім павильонында жұмыс істеп жүріп, оған керемет ой келеді, яғни жасырын түрде киносын түсіруге кіріседі. Өйткені, қажетті техника қолында тұр, тобы жанында дегендей...

«Фильм мен жайында емес. Негізі, бұл кинода өмірбаянға қатысты ештеңе жоқ. Жәй ғана осындай хикаяны баяндағымыз келді. Алғашында басты рөлге Дәурен Айдарқұловты қарастырған едік. Мен ұзақ ойланып, шешім қабылдай алмай жүрдім. Уақыт өте келе сценарий қайта жазылды, кейіпкерлер ауысты. Мен сценариймен 7 ай айналыстым. Данияр Алшыновқа назар салуымды өтінген Әсел Сәдуақасоваға алғысымды білдіремін»,-деді Асқар Бисембин.

Нәтижесінде, Айдарқұлов балалар бағдарламасында қоразды ойнайтын актерді сомдады, ал продюсердің рөлі Аружан Жазылбековаға бұйырды. Кинода вайнерлер Рәтбек Байенов пен Нағима Ахметова дебют жасады.

«Кинодан да артық» фильмі 20 күндей түсірілді. Бисембиннің сөзінше, ең қиын көріністің бірі Аружан мен Даниярдың биі болған екен.

«Актерлар бұл көрініске бір аптадай дайындалды. Бастапқыда сценарийде ән мен би болмаған. Бірақ, Аружан фильмде әнге қатысты көрініс болса ғана түсетінін айтты. Айтпақшы, ол әнді өзі орындады. Ал кейбір көріністерді алып тастауға тура келді. Материалдың 40 минуты кесілді, сол үшін актерлардан кешірім сұраймын»,-деп қоса кетті режиссер.

Режиссер әрі продюсер фильм бюджеті туралы тіс жармады. Дегенмен, түсірілімге аздаған қаржының кеткенін жеткізді.

Енді Асқар Бисембин алдына жаңа мақсат қойды, ол отандық суперкейіпкерлер туралы фильм түсіргісі келеді.

«Кинодан да артық» фильмі айналымға 23 қараша күні шығады. Көрсетілімдер кестесін афиша бөлімінен көруге болады.

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Айнұр Ниязова

Актриса