È

Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмі «КиноСад» жазғы кинотеатрында

Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмі «КиноСад» жазғы кинотеатрында

Алматы қаласы Ботаникалық бағының «КиноСад» жазғы кинотеатрында 10 маусым күні «Анаға апарар жол» фильмі көрсетіледі. Киносеанс Ботаникалық бағының үйеңкі алаңында сағат 19:30-да басталады.

«Анаға апарар жол» фильмін отандық режиссер Ақан Сатаев түсірген. Картина тұсаукесері 2016 жылдың қыркүйегінде болған. Сюжетте Ілияс есімді жас жігіттің өмірі баяндалады. Оны бала кезінде анасынан айырады. Кейіпкер соғысқа қатысып, тұтқындардың арасында болса да, аштықты көрсе де үйге оралам деген үмітін жоғалтпайды. Ілияс ұзақ жылдар бойы анасына апарар жолды іздейді. Анасы да жалғыз ұлын сарғайып, тағатсыздана күтіп отырады.

Картинадағы басты рөлді театр және кино актері Әділ Ахметов сомдады. Оның анасын Алтынай Нөгербек ойнады. Осы орайда айта кетсек, актриса осы рөлі үшін алғашқы «Тұлпар» ұлттық киножүлдесімен және «Сыншылар таңдауы» жүлдесімен марапатталған. Басты кейіпкердің бала күнгі досын Аружан Жазылбекова сомдады. Актриса да «Сыншылар таңдауы» киножүлдесінде «Екінші қатардағы үздік әйел рөлі» номинациясы бойынша жеңіске жетті.

«Киносад» жазғы кинотеатрының бас демеушісі әрі ұйымдастырушысы Қазақстан Халық банкі аясындағы «Халық» қайырымдылық қоры болып табылады. Сонымен қатар, жобаны жүзеге асыруға «Басты Ботаникалық бағының даму қоры» қоғамдық қоры, «Ботаника және фитоинтродукция институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы Республикалық мемлекеттік кәсіпорны КН ҚР БҒМ және «Бродвей» кинопорталы атсалысты.

Шара ұйымдастырушылары жазғы кинотеатрға келушілерден өздерімен бірге жылы жамылғыларды, масалар мен жәндіктерден қорғануға арналған құралдарды алып келулерін сұрайды. Сонымен қатар, өсімдіктерге жақсы қарап, оларды таптамауын, жұлмауын сұрайды.

Естеріңізге саламыз, Ботаникалық бағының аумағында алкогольді сусындарды ішуге тыйым салынады.

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Ақан Сатаев

Режиссер