Эмир Кустурица Халықаралық «Еуразия - 2018» кинофестивалінің қонағы болмақ
Алдағы XIV Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің құрметті қонағы югославиялық және сербиялық режиссер Эмир Кустурица бомақ. Еуропадағы ірі кинофестивальдер жүлделерінің иегері Қазақстанға алғаш рет келеді және режиссерлік өнерден шеберлік сағатын өткізеді.
Эмир Кустурица - кинорежиссер және актер, оның қоржынында «Әкем іссапарда» (1985) және «Андерграунд» (1995) картиналары үшін Канн кинофестивалінде алған екі «Алтын пальма бұтағы», «Аризондық арман» (1993) картинасы үшін Берлин кинофестивалінде алған «Күміс аю» және «Өмір ғажап» (2005) таспасы үшін «Еуропа одақтық мемлекеттеріндегі үздік фильм» аталымында иеленген «Сезар» жүлдесі бар. Киномәдениеттен бөлек, Кустурица өзін музыкадан тапты. Ол - сербиялық The No Smoking Orchestra фолк-рок тобының қатысушысы. 2017 жылы топ Алматыда өнер көрсетуді жоспарлаған. Алайда, концерт белгісіз себептерге байланысты болмай қалды.
Кинофестиваль аясында Эмир Кустурица режиссура бойынша шеберлік сағатын өткізіп қана қоймай, өзі басты рөлді сомдаған «Құс жолымен» (2016) фильмін көрсетеді. Сонымен қатар, таспаға Моника Беллуччи түскен.
Еске салсақ, XIV «Еуразия» ХКФ Астанада 1-7 шілде аралығында өтеді. Алдыңғы жолы фестивальге Моника Беллуччидің келуі мүмкін екендігі хабарланған болатын.
1 пікір
Пікір қалдыру үшін
Maxim Bogomolov
6 маусым 2018, 01:43Здорово!