È

Еркебұлан Дайыров: «Балуан Шолақ» фильміне түсу үшін 10 килограмм салмақ қостым»

Еркебұлан Дайыров: «Балуан Шолақ» фильміне түсу үшін 10 килограмм салмақ қостым»

Отандық актер Еркебұлан Дайыров «Балуан Шолақ» өмірбаяндық фильміне түсіп жатыр. Театр және кино әртісі картинада танымал композитор әрі балуан Нұрмағамбет Баймұрзаұлының рөлін сомдайды. Актер рөлге дайындығы мен түсірілім барысы туралы айтып берді:

«Балуан Шолақтың образы маған таңсық емес. Мен бұрын әйгілі балуанды театр сахнасында Дулат Исабековтың «Жаужүрек» қойылымында ойнаған едім. Алайда, кинодағы рөлге аса жауапкершілікпен қарадым. Балуанның өмірін тыңғылықты зерттеп, тағдыры мен шығармашылығы туралы материалдарды оқыдым. Сырт бейнеміздің ұқсастығы гримерлардың еңбегі: олар шашымды алып тастап, мұрт өсірді. Мен тек физикалық жағынан дайындалдым. «Балуан Шолақ» фильміне түсу үшін 10 килограмм салмақ қостым. «Қазақстан Барысы» турниріндегі еркін күрестің жеңімпазы Ұлан Рысқұлдан арнайы сабақ алдым».

«Балуан Шолақ» фильмінің түсірілімінен сурет

Еркебұлан алғашқы түсірілім күндері қорқынышты сезініп, толқығанын жасырмады. Дегенмен, Балуан Шолақ секілді аңыз адамды сомдау бақыты өмірде бір-ақ рет беріледі ғой. Сондықтан, актер бар үрейді ысырып тастап, режиссер Нұргелді Садығұловтың талаптарын орындауға тырысып жүр.

«Бұл картинада ойдан шығарылған хикая мен болжамдар жоқ. Оқиғалардың барлығы тарихи жазбалар мен зерттеулер негізінде өрбиді. Түсірілім тобы Балуан Шолақтың даралығын барынша ашуға тырысып жатыр. Оның музыкамен де, спортен де айналысқанын айқын көрсетпек. Режиссердің белгілі бір тапсырмалары мен актерлік ойынға қатысты талаптары бар. Дегенмен, кадрда сәтті шығып жатқан импровизация әрдайым құпталады», - деп қосты Дайыров.

«Балуан Шолақ» фильмінің түсірілімінен сурет

Авторлардың айтуынша, картинада тек күреске құрылған көріністер ғана көрсетілмейді. Сонымен қатар, көрермендер танымал болуанның жеке өміріне, махаббатына қанық болады.

Еске сала кетсек, «Балуан Шолақ» фильмінің түсірілімі Алматы облысында биылғы жылдың маусым айында басталған болатын. Жақында түсірілім тобы Ақмола облысына аттанды.

 

Суреттер: Мырза Тасқын Айқынұлы

1 пікір

Пікір қалдыру үшін

Мырзахмет

30 шілде 2017, 22:30

Думаю, что отечественные фильмы нам только на пользу. Так что ждем в кинотеартах.

Таныс бейне

Берік Айтжанов

Актер