È

«Еуразия-2018»: XIV Халықаралық кинофестивальдің жеңімпаздары жарияланды

«Еуразия-2018»: XIV Халықаралық кинофестивальдің жеңімпаздары жарияланды

Астаналық Орталық «Қазақстан» концерт залында XIV Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің салтанатты жабылуы болып өтті. Шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, «Еуразия» ХКФ президенті Айман Мұсақожаева, сондай-ақ отандық және шетелдік кинематографтың белгілі әрі танымал өкілдері, шығармашылық зиялылар мен жастар қатысты.

Биылғы жылы «Еуразия» кинофестивалі Астананың 20 жылдығына арналған. Кинокөрсетілім есігін 1 шілде күні астанада ашты. Ресми бағдарлама негізгі екі бөлімнен: «Халықаралық байқау» және «Қысқаметражды кино байқауынан» тұрды. Байқаудан тыс бағдарламада келесі бөлімдер ұсынылды: «Караван» - түркі тілдес мемлекеттер мен Орта Азия елдері фильмдерінің панорамасы, «Еуразия жүрегінен» - жаңа қазақстандық фильмдер, «НЕТПАК таңдауы» - әлемдік НЕТПАК жүлдегер-фильмдердің көрсетілімі, «Жарық айналасы» - халықаралық кинофестивальдердің жүлдегер-фильмдері, «Ерекше оқиға» - түрлі кезеңдер мен жанрдағы әлемдік және қазақстандық кино мэтрлары фильмдерінің ретроспективасы, «Объектив» - Орта Азиямен қоса, бүкіл әлемдегі деректі кинолар бағдарламасы.

eurasiafestival.kz
eurasiafestival.kz

Халықаралық байқаудың жеңімпаздары келесі аталымдарда жеңіске жетті:

Гран-при - Мари ГарельВайстың «Сауық кеші аяқталды» француз картинасы

«Үздік режиссерлік жұмыс» - Милко Лазаровтың «Ага» фильмі (Болгария, Германия, Франция)

«Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» - Грузиялық Мария Хатчанидің «Анашым» картинасы және Хидже Джонгтың «Қуғыншы автостоп» оңтүстік кореялық драмасы

«Үздік ер адам рөлі» - Кәрім Мирхадиев «Шыдамдылық» фильміндегі ойыны үшін (Өзбекстан)

«Үздік әйел рөлі» - Марта Козлова «Анна шайқасы» жұмысы үшін (Ресей)

Қысқаметражды кино байқауының «Гран-при» жүлдесін режиссер Суборн Сенжутидің (Үндістан) «Монолог» таспасы иеленді, ал Игорь Поплаухиннің «Күнтізбе» картинасы (Ресей) қазылар алқасының ерекше атауына ие болды.

«НЕТПАК таңдауы» және «ФИПРЕССИ таңдауы» жүлделерін Елизавета Стишованың «Сүлеймен тау» жұмысы (Ресей, Қырғызстан, Польша) иеленді.

Олжас Ахметовтың «Бөлінбейтін» фильмі «ЕлАрна» киноарнасының атынан ерекше дипломға ие болды.

eurasiafestival.kz
eurasiafestival.kz

Негізгі байқаудың қазылар алқасының құрамына ирандық продюсер Әмір Асфандияри, итальяндық режиссер Габриэлла Кристиани, отандық режиссер әрі сценарист Ермек Тұрсынов және Сан-Франциско кинофестивалінің ұйымдастырушысы Питер Скарлет пен қытай режиссері әрі продюсер Ван Сяошуай енді.

Қысқа метр байқауының қатысушыларын түрік режиссері Семих Капланоглу, американдық қоюшы-оператор Хиро Нарита, сербиялық актер Милош Бикович, қазақстандық актриса Самал Еслямова, продюсер Джереми Чуа бағалады.

«Еуразияның» құрметті қонақтары: Сербиялық қоюшы Эмир Кустурица, француз актері Венсан Кассель, ресейлік режиссер Анна Меликян, театр және кино актері Сергей Пускепалис. Фестиваль аясында әлемдік киноөндіріс өкілдерінің қатысуымен шығармашылық кездесулер мен шеберлік сағаттары өтті.

Еске салсақ, сондай-ақ фестиваль барысында Eurasia Film Market кинонарығы мен Eurasia Project Market жобалар байқауы өткен болатын.

 

Превью: eurasiafestival.kz

 

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Санұржан Сүлейменов

Актер