È

«Еуразия-2018»: ресейлік режиссер Анна Меликянмен кездесу өтті

«Еуразия-2018»: ресейлік режиссер Анна Меликянмен кездесу өтті

Астанада ресейлік режиссер, сценарист әрі продюсер Анна Меликянмен кездесу өтті. Кинематографшы XIV Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің қонағы болды. Кездесу барысында Анна Меликян қызықты сұрақтарға жауап беріп, киноның өміріндегі алатын орнын айтып берді.

Анна Меликян Бакуде дүниеге келген, кейін отбасымен бірге Ереванға көшіп барады. 17 жасында ол Мәскеуге көшіп, БМКИ-дің режиссерлік факультетіне оқуға түседі. Меликянның алғашқы «Марс» атты толықметражды фильмі Берлин кинофестивалінде көрсетілді, ал «Киношок» фестивалінде таспа продюсерлердің арнайы сыйлығына ие болды. Екінші жұмысы – «Су перісі» Ресейдің атынан «Оскар» жүлдесіне ұсынылды. Режиссердің келесі картиналары да назардан тыс қалмады. Анна Меликянның қоржынында «Сандэнс», Карловы Вары, «Кинотавр» және Берлинале кинофестивальдерінен алған жүлделері бар.

eurasiafestival.kz
eurasiafestival.kz

«Мен түсіріп жатқанда, орыс киносын қалай дамытамын деп ойламаймын. Ол жайлы аз ойланамын. Мен өз-өзіммен арпалысып, сұрақтарыма жауап іздеймін. Дегенмен, маған орыс мәдениеті өте жақын. БМКи-де оқып жүргенімде, ұстаздар маған қайтадан «армян киносын» түсіргенімді айтатын. Қазір, киноларым армяндық емес, орыс киносына айналғандай. Бірақ, армяндық көңілсіз көздер сол жақта қалып қойды. Оны өзгерту мүмкін емес, себебі бұл сенің өмірің, ішіңдегі дүние экраннан көрініп тұрады», - деді режиссер.

eurasiafestival.kz
eurasiafestival.kz

Меликянның айтуынша, кино оның өмірінің ажырамас бір бөлігіне айналды, одан демалғысы да келмейді, тіпті мүмкін емес.

«Кинематограф – кешке үйге келе салысымен ұмыта салатын жұмыс емес. Менің ойымша, кино өмірмен тығыз байланысты. Әдебиет пен музыка – киноға қатысты өнердің бір түрі ғана. Әрине, мен оқимын, тыңдаймын, солардан шабыт іздеймін. Бірақ, менде хобби жоқ, өйткені ол маған қажет емес. Менің бар өмірім - кино», - деп сырын ақтарды Анна Меликян.

Еске салсақ, Халықаралық «Еуразия-2018» кинофестивалі 7 шілдеге дейін жалғасады. Кинокөрсетілім аясында француз жұлдызы Венсан Кассельмен және сербиялық режиссер Эмир Кустурицамен кездесу өткен болатын.

 

Превью: eurasiafestival.kz

 

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Тұңғышбай Жаманқұлов

Актер