È

«Сағатты үйдің құпиясы» фильмі Қазақстандағы кассалық жинақ рейтингінде көш бастап тұр

27-30 қыркүйек аралығындағы кассалық жинақ

Күз мезгілі киномандарды жаңа туындылармен қуантты. Сюжеттер мен жанрлардың алуан түрлілігі ешкімді де бей-жай қалдырмақ емес. Осы аптаның жаңалықтары – «Сағатты үйдің құпиясы, «Көбелек», «Іздеу» және «Кешірілмеген» триллерлері. Рейтингке қарасақ, бұл картиналар көпшілікке айналымдағы алғашқы күннен-ақ ұнаған секілді. Тағы қай кинотаспалардың көрермендерге ұнағанын және Қазақстандағы кассалық жинақтың* қандай болғанын төменнен оқыңыздар.

«Сағатты үйдің құпиясы» триллері киноайналымның үздігі атанды. Картинаның алғашқы аптадағы жинағы 53 697 000 теңгені құрады. Сюжет бойынша, жетім бала Льюис Барнавельт ағасының үйіне Мичиганға барады. Кейін, басты кейіпкер ағасының сиқыршы екенін біледі, осылайша балақайға сиқырдың тамаша әлемі ашылады. Бірақ, сиқыр әлемінің қараңғы тұстары да бар екен... Фильм режиссері Элай Рот болды, оны біз «Бөрібалықтар» және «Даңқсыз жетесіздер» фильмдері арқылы танимыз.

«Агент Джонни Инглиш 3.0» фильмінен көрініс
«Агент Джонни Инглиш 3.0» фильмінен көрініс

Екінші орынға «Өте бай азиаттар» комедиясы жайғасты, оның жинағы 3 аптада 161 905 500 теңгені құрады, ал өткен аптада 21 730 800 теңге жинаған болатын. Рэйчел Чу жігітімен бірге оның туған өлкесі Сингапурға досының үйлену тойына барады. Кейін жігітінің туыстарының өте бай екенін біледі. Ал азаматтың өзі жергілікті қыздар үшін жақсы мүмкіндік.

Рейтингтегі үшінші орынды «Агент Джонни Инглиш 3.0» комедиясы иеленді, ол бір аптада 21 682 650 теңге жинады. Бұл – «Агент Джонни Инглиш» туралы үшінші фильм. Бұл жолы Роэн Аткинске 2008 жылы «Қайырымдылық квантында» Джеймс Бондтың қызын ойнаған украиндық актриса Ольга Куриленко серіктес болды.

«Көбелек» фильмінен көрініс
«Көбелек» фильмінен көрініс

Өткен аптада 21 428 400 теңге жинап, төртінші орынға «Көбелек» қылмыстық триллері тұрақтады. Фильм өзі жасамаған қылмыс үшін өмір бойы бас бостандығынан айырылған Анри Шарьердің өмірбаяндық романына негізделген.

«Монах әйелдің қарғысы» хорроры апта ішінде 19 387 500 теңге көлемінде пайда тапты. Кинотаспаның түсірілімі Румынияда өткен. Кейбір көріністі Парламент сарайында түсіру үшін топ сағатына 5000 евро төлеген.

«Іздеу» айналымдағы төрт күннің ішінде 13 577 041 теңге жинады. Биылғы «Сандэнс» кинофестивалінде таспа бірден екі жүлде иеленген еді. Триллердің продюсері - Тимур Бекмамбетов.

«Іздеу» фильмінен көрініс
«Іздеу» фильмінен көрініс

«Кешірілмеген» ресейлік фильмі кассаны 9 482 085 теңгеге толтырды. Фильм сюжетінің негізінде бір-ақ сағатта отбасынан айырылған архитектор Виталий Калоевтың шынайы хикаясы жатыр. 2002 жылы шілдеде Мәскеу-Барселона бағыты бойынша ұшып бара жатқан ұшақ әуе апатына ұшырайды. Қайғылы жағдай кезінде 71 адам қаза болды.

«Қарапайым өтініш» америкалық фильмі демалыста 7 583 400 теңге жинады. Кинотаспа Дарси Беллдің аттас романы бойынша түсірілді. 2016 жылы, кітап шығардан бір жыл бұрын Fox студиясы экрандау құқығын иеленген болатын. Басты рөлдердің бірін Анна Кендрик сомдады, біз оны «Мінсіз дауыс» фильмі арқылы танимыз.

«Қарапайым өтініш» фильмінен көрініс
«Қарапайым өтініш» фильмінен көрініс

«Жыртқыш» триллерінің кассалық жинағы өткен аптада 5 597 200 теңгені құрады. Фильмнің режиссері және сценаристі Шейн Блэк болды. Ол 1987 жылы түсірілген «Жыртқыш» фильмінде Хокинстің рөлін сомдаған. Өзінің айтуынша, ол сиквелге бірінші бөлімдегідей жас рейтингі болуы тиіс деген шартпен ғана режиссер болуға келіскен екен.

«Уақытша қиындықтар» атты тағы бір ресейлік мелодрама демалыста 2 675 200 теңге жинады. Фильмнің басты кейіпкері - Саша Ковалёв, ол ауруының салдарынан өз бетінше қозғала алмайды. Әкесі баласына көмектесу үшін оның ауыруына мән бермей, дені сау адам ретінде қарайды. Қиындықтарды еңсере келе, кейіпкер ауруын жеңеді, бірақ әкесіне деген өкпесі қалып қояды. Мектеп бітірген соң үйінен кетіп қалады да, 15 жылдан кейін Ресейдің үздік кәсіпкер кеңесшісі атанады. Кейін, барлық қайғысы үшін әкесінен кек алмақ болады. Тағдыр оған мүмкіндік береді. Картина сюжеті ДЦП-мен ауыратын Аркадий Цукердің оқиғасына негізделген.

«Жыртқыш» фильмінен көрініс
«Жыртқыш» фильмінен көрініс

«Мықтылар уақыты» спорт драмасы 2 593 560 теңге жинады. Картина режиссері - Руслан Акун, ол «Сәлем, Нью-Йорк» фильмінен кейін таныла бастады. Басты рөлді қазақстандық актер Асылхан Төлепов, оның сүйіктісін Гүлназ Жоланова сомдады.

«Руби мен су әміршісі» фильмі 2 029 800 теңге жинағымен өткен демалыстың аутсайдері атанды.

 

Барлық фильмдер көрсетіліп жатыр. Кесте кинотеатрлар афишасында қолжетімді.

 

* Материал Meloman Entertainment және Ticketon.kz компанияларының мәліметтері бойынша дайындалды.

 

Арайлым

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Досхан Жолжақсынов

Актер