È

«Қалай да той жасау» комедиясы жайлы қызықты деректер

«Қалай да той жасау» комедиясы жайлы қызықты деректер

Еліміздің кинотеатрларынан «Қалай да той жасау» комедиясы көрсетіліп жатыр. Режиссерлар Қанағат Мұстафин мен Айдын Сахаманның фильмі қазақтың «Қыз ұзату» салтына арналған жалғыз әрі алғашқы картина болып табылады. Таспа авторлары «Бродвей» оқырмандарымен картинаға қатысты қызықты деректермен бөлісуді жөн санады.

Еске сала кетсек, фильм кейіпкері Мақсат – жергілікті телеарнаның қызметкері. Ол қарындасының «Қыз ұзатуына» бір күн қалғанда, мейрамханаға төлейтін ақшаны жоғалтып алады. Мақсат отбасылық кешті қалай да өткізу мақсатымен тойды телестудияда тікелей эфирде жүргізеді. Осылайша, мереке күйеу жігіт пен қалыңдық жанұясының – Қарабаевтар мен Сарыбаевтардың жарысына айналады.

Комедияға актриса Айым Сейтметова түсті. Ол фильмде Мақсаттың (Шәріп Серік) ғашығын сомдады. Ал Мақсаттың ата-анасын Азат Сейтметов пен Данагүл Темірсұлтанова ойнады. Олар шынайы өмірде Айымның ата-анасы болып келеді, нәтижесінде түсірілім барысында қызықты әрі күлкілі жағдайлар орын алды.

Қарабаевтар мен Сарыбаевтардың (оларды Азат Сейтметов, Данагүл Темірсұлтанова және Ғани Құлжанов, Әсел Ақбарова сомдады) кадрдағы жарысы қызық жағдайға ұласты: актерлар бір-бірімен кадрдан тыс та жарысқа түскен.

Жобаның актерлік құрамы расында да таң қаларлық. Мәселен, Шәріп Серік «Қарындасым» әнін орындаған кезде, сахналас әріптестері қатты әсерленіп, шынымен де көздеріне жас алған. Ал көпшіліктің сүйікті актері Жан Байжанбаев өз рөліне енгені соншалық, қызметкерлеріне айқайлайтын көріністе павильонға күзетшілер кіріп келген. Түсірілім тобы оларға әрең дегенде басу айтып, жәй ғана фильм түсірілімі екенін жеткізген.

Балуандарды сомдаған актерлар шынайы күресті. Түсірілімдегі күрес көріністерінде балуандар бір-бірін 29 рет лақтырған, нәтижесінде декорациялар картадан жасалған үйшік тәрізді қозғала түскен.

Авторлардың айтуынша, фильм дайындығы барысында кастинг-топ Қайрат Нұртастың 18 егізін тапқан екен. Солардың біреуін түсірілімге шақырып, сүйікті әншісімен бірге киноға түсу мүмкіндігін сыйлаған.

Статистикаға сүйенсек, актер Жалғас Жанғазин 1 қойды жеп қойған, ал Фархат Әбдірайымов бірден 5 тәрелке палауды асаған. «Қыз ұзату» кезеңін 2 апта түсірді, сол уақытта 2 қой мен 215 тәрелке палау желінді және 1,5 тонна шәй ішілді.

Кинотаспаның музыкалық өңдеуі ерекше назар аударуға тұрарлық. Фильмде шырқалған әрбір екінші шығарма «Қалай да той жасау» жобасына арнайы жазылды.

Комедиялық таспаның өндірісімен KANAIDAR Production, BozOk film компаниялары және Arai Media group студиясы айналысты. Картина түсірілімі Алматыдағы сауда орталықтардың бірінде өтті. Түсірілім уақыты 2017 жылдың қарашасынан желтоқсанға дейін жалғасқан.

«Қалай да той жасау» картинасының көрсетілім кестесін «Бродвейдің» афишасынан көре аласыздар

 

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Вадим Шлахтер

Актер

Анастасия Фёдорова

Актриса

Игорь Бабичев

Актер

Максим Митрофанов

Актер