È

«Коко құпиясы» мультфильмі айналымның үздігі атанды

7-10 желтоқсан аралығындағы кассалық жинақ

Өткен апта «Коко құпиясы» анимациясына жақсы кассалық жинақ алып келді, ол осылайша «Шетелдік» фильмін үздіктер қатарынан ығыстырды. «Бақытты өлім тілеймін» қорқынышты фильмін көрермендер жылы қабылдады. Отандастарымызға қандай фильмнің ұнағанын және қандай киножобалардың назардан тыс қалғанын Қазақстандағы кассалық жинаққа арналған материалымыздан оқыңыздар.

Айналымдағы үшінші апта «Коко құпиясы» анимациясын үздіктер қатарына қосты. Картина демалыста 32 407 368 теңге жинады, ал айналымдағы жалпы жинағы 181 045 736 теңгені құрайды. Картина актер Чич Мариннің Pixar студиясындағы екінші франшизасы болды. Алғашқысы «Көліктер» еді. «Коко құпиясы» мексикандық Хайм Камиль үшін екінші мультфильм болды. Ол 2016 жылы «Үй жануарларының құпияға толы өмірі» таспасының дыбысталуына қатысқан.

Екінші орынға 26 950 800 теңге жинаған «Шетелдік» картинасы түсіп қалды. Фильмге Джеки Чанның қатысатыны жайында ресми түрде 2015 жылдың маусымында белгілі болған еді. Rolling Stone журналы фильмге төрт жұлдыздың үшеуін беріп, Джекидің ойынын мақтады. Журналдың пікірінше, бұл актер мансабындағы драмаға толы рөл болған екен. The Hollywood Reporter киношолушысы да Чанды мақтады. 35 миллион доллар бюджеті бар атыс-шабыс фильмі әлемдік айналымда 139,2 миллион доллар жинаған.

«Бақытты өлім күні» фильмінен көрініс

«Бақытты өлім күні» қорқынышты фильмі тұсаукесерлі аптада 25 317 000 теңге жинады. Картина калифорниялық режиссер әрі сценарист Кристофер Лэндонның төртінші толықметражды жұмысы болды. Оның алдыңғы картиналары: «Жанып тұрған пальмалар» (2010), «Ерекше құбылыс: Жынның белгісі» (2013) және «Скауттар зомбиге қарсы» (2015). Лэндонның фильмі алғашында «Өлімші ету» деп аталған, кейін «Қайтадан» деген атауға ие болды. Ал түсірілім аяқталған соң картина жоғарыдағы атауды иеленді.

«Өте нашар аналар» комедиясының кассалық жинағы 22 029 750 теңгені құрады. Фильм Кристен Белл мен Шерил Хайнстың екінші біріккен жобасы болды. Екеуі бұрын «Ешкім» (2017) хикаясына бірге түскен. Ал Мила Кунис үшін картина Кристен Беллмен жасаған үшінші серіктестігі болып табылады. Алдыңғылары - «Аралықта» (2008) және «Өте нашар аналар» (2016).

«Қош келдің, әке, Жаңа жыл! 2» жаңа жылдық франшизасы бар-жоғы 8 045 700 теңге жинады. Айта кету керек, «Қош келдің, әке, Жаңа жыл! 2» Уилл Феррелл мен Марк Уолбергтің бірігіп түскен алғашқы жобалары емес. Екеуі 2010 жылы «Терең қордағы коптарға» бірге түскен. «Қош келдің, әке, Жаңа жыл! 2» бюджеті 69 миллион доллар, ал жалпы жинағы әзірге 126 миллион долларды құрайды.

«Коко құпиясы» фильмінен көрініс

«Коматозниктер» триллері 7 429 000 теңге көлеміндегі кассасымен үздік бестіктен шығып қалды. Бір қызығы, картина продюсерлерінің бірі актер Майкл Дуглас болды, ол «Көкек ұясының төбесінен ұшу» және «Уолл-Стрит» фильмдеріндегі рөлі үшін «Оскар» алған. Режиссер Нильс Арден Оплев бір сұхбатында түсірілім тобының жақсы триллер ғана түсіріп қоймай, көрерменге ой саларлық дүние жасауға атсалысқанын атап кетті.

«Әділдік одағы» кинотаспасы айналымдағы үшінші аптада 7 009 800 теңге жинады. Актер Киран Хайндс қайтадан Джейсон Момоамен бірге ойнады. Екеуі бұрын «Тақтардың ойыны» хикаясына бірге түскен болатын, ол жақта Киран Манс Налетчикті сомдаған еді. Актер Бен Аффлекпен (екеуі «Қорқыныш бағасында» ойнаған) де, Майкл МакЭлхаттонмен де («Тақтардың ойыны») алғаш рет жұмыс істеп отырған жоқ.

«Апан» экшн-триллері айналымдағы екінші аптада 6 673 600 теңге жинады. Картинаның жалпы жинағы 29 837 690 теңгені құрайды. Фильм түсірілімі Александр Терехов жетекшілігіндегі каскадерлар тобының қатысуымен Бурабайда өткен. Картинамен 60 адамнан тұратын топ айналысты. Фильм музыкасын режиссер Айбек Жансейітов пен композитор Павел Ли жазды.

«Эспен троллдар патшалығында» фильмінен көрініс

«Эспен троллдар патшалығында» шытырман оқиғалы фильмі алғашқы демалыста 5 647 748 теңге жинады. Кинотаспа режиссер Миккель Бренне Сандемустың үшінші жұмысы болып саналады. Ол 2010 жылы «Тірі қалу 3» триллерін, ал 2013 жылы «Рагнарок құпиясы» фильмін жарыққа шығарған. Аталмыш жоба актерлар Гискен Арманда мен Мэдс Сьёгард Петтерсен үшін үшінші біріккен жұмыс болып табылады. Актерлар «Даг» пен «Лиллехаммер» хикаяларына бірге түскен.

Бес миллион теңгеден кем жинаған картиналар: «Кинодан да артық» - 4 545 800 теңге, «Төртеуі банкке қарсы» - 3 972 100 теңге және «Тұңғиыққа бату» - 2 742 020 теңге.

Аптадағы аутсайдерлер: «Сені ғана көремін» - 804 000 теңге және «Ван Гог. Махаббатпен, Винсент» - 718 400 теңге.

 

*Материал Meloman Entertainment және Comscore мен Ticketon.kz компанияларының мәліметтері бойынша дайындалды

Қазақстанда Comscore жүйесіне Chaplin Cinemas, Star Cinema және Арсенал кинотеатрлар желісі қосылған.

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Досхан Жолжақсынов

Актер