È

«Махаббатпен» қазақстандық айналымның үздік үштігіне енді

25-28 қаңтар аралығындағы кассалық жинақ

Өткен аптада отандық киномандар «Зұлмат кезеңдер» драмасынан Гари Олдманның Уинстон Черчиллге айналғанын, «Лабиринтпен жүгіруші: Өлімге қарсы дәрі» фильмінен Дилан О`Брайеннің қашуын және «Махаббатпен» комедиясынан алматылық жігіттің шытырманға толы оқиғасын көрген болатын. Хикаялардың қайсысының көрермендерге көбірек ұнағанын Қазақстандағы кассалық жинақ* рейтингісінен оқыңыздар.

Айналым үздігінің қатарына күтпеген жерден «Лабиринтпен жүгіруші: Өлімге қарсы дәрі» фильмі енді. Фильм тұсаукесерлі аптада 79 707 600 теңге жинады. Кинотаспа Джеймс Дэшнердің әдеби трилогиясы соңғы бөлімінің экрандауы болып табылады. Соңғы бөлімінің режиссері «Лабиринтпен жүгіруші» және «Лабиринтпен жүгіруші: Отты сынақ» фильмдерін түсірген Уэс Болл атанды.

Екінші орынға 76 310 400 теңге жинаған «Өрлеу» спорттық драмасы жайғасты. Фильм негізіне әйгілі баскетболшы Сергей Беловтың аттас кітабы арқау болды. Картина сценарийі 22 мәрте жазылған. Түсірілім басталар алдында баскетболшылардың рөлін сомдаған актерлар арнайы дайындықтан өткен. Авторлар соңғы ойын көрінісін бір айдай түсірген, ал дайындығына жарты жыл уақыт кетті.

«Лабиринтпен жүгіруші: Өлімге қарсы дәрі» фильмінен көрініс

Үшінші орында «Махаббатпен» отандық комедиясы тұр. Картина тұсаукесерлі аптада 34 662 000 теңге жинады. Жоба Александр Гольцевтің режиссерлік дебюті болып табылады, ол сценарийімен бірнеше жыл бойы айналысқан. Режиссер түсірілімге 2017 жылдың маусымында кірісті. Қылмыстық комедия Алматыда түсірілді.

«Астрал 4: Соңғы кілт» қорқынышты фильмі айналымның екінші аптасында 27 226 424 теңге жинады. Бастапқыда картина 2017 жылдың 20 қазанында шығуы тиіс еді. Алайда, Blumhouse кинокомпаниясы алдымен «Бақытты өлім тілеймін» хоррорын жарыққа шығарады, ал «Астрал 4: Соңғы кілт» тұсаукесері 2018 жылдың қаңтарына шегерілді.

Үздік бестікті «Тумандағы қыз» детективті хикаясы аяқтайды. Картинаның тұсаукесерлі жинағы 17 585 650 теңгені құрайды. Фильм итальяндық жазушы Донато Карризидің аттас романының желісі бойынша түсірілген. Сондай-ақ, автор жоба режиссері атанды. Кинотаспа Италияда, Карецца өзенінің маңында түсірілген. Картина өз отанында үшінші орынды иеленіп, 2017 жылғы айналым үздіктерінің тізіміне енді.

«Тумандағы қыз» фильмінен көрініс

«Су қалыбы» фантастикалық драмасы төмендеп барады. Таспа өткен демалыста 16 304 980 теңге жинады. Гильермо Дель Торо Даг Джонспен жетінші рет жұмыс істеді. Актер режиссердің «Мутанттар», «Хеллбой: Тамұқтағы батыр», «Фавн лабиринті», «Хеллбой 2: Алтын әскер», «Қызарған шың» жобаларына және «Штамм» хикаясына түскен болатын. Актерлар Салли Хокинс пен Майкл Сталбарг та бір жобаға алғаш рет бірге түсіп отырған жоқ. Екеуінің алғашқы ортақ жобасы - «Жасмин» комедиясы (2013).

«Риодан қашу» комедиялық фильмі 12 825 800 теңге көлемінде қаржы тапты. Режиссер Патрик Милле жоба жасаудың алдында Питер Бергтің «Өте жабайы нәрселер» (1998) картинасымен және Филипп Де Броки мен Квентин Тарантиноның картиналарымен шабыттанған. Бастапқыда сценарий бойынша басты кейіпкерлер егде тартқан әйелдер болуы тиіс еді. Алайда режиссер біраз түзетулер енгізді, көрермендер экраннан жас қыздардың хикаяларын көре алады.

«Паддингтон хикаялары 2» отбасылық картинасы кассаны 10 119 400 теңгеге толтырды. Паддингтон қонжықтың хикаяларына негізделген сиквел туралы алғаш рет 2015 жылдың қазанында сөз қозғалды. Режиссер Пол Кинг екінші бөлімінің түсірілімі үшін «Ғажайып» (2017) фильмінің жұмысынан бас тартқан. Авторлар 2016 жылдың маусымында үшінші бөлімін дайындап жатқандарын хабарлады.

«Зұлмат кезеңдер» фильмінен көрініс

«Зұлмат кезеңдер» британдық таспасы 9 464 300 теңге көлемінде пайда тапты. Гари Олдман Уинстон Черчиллді кинода сомдаған бесінші актер атанды. Гаридің өзі премьер-министр рөлінің мансабындағы ең қиыны болғанын жасырмады. Айта кету керек, актер Черчилл образы үшін 2018 жылғы «Оскар» жүлдесіне ұсынылды.

«Zомбожәшік» ресейлік комедиясы көрермендерді аса қызықтыра қоймады. Қазақстандық айналымдағы алғашқы демалыс фильмге бар-жоғы 9 344 196 теңге алып келген. Константин Смирнов үшін бұл дебютті толықметражды ойнамалы фильм. Режиссердің алдыңғы жұмыстары – «Футбол емес» деректі таспасы, «Универ. Жаңа жатақхана» және «Қашқын туыстар» хикаялары.

Айналымның үздік ондығына енбеген кинотаспалар: «Джуманджи: Орман шақырады» - 7 536 812 теңге, «Қазақша кәсіп Америкада» - 5 294 700 теңге, «Үлкен ойын» - 5 050 300 теңге және «Тумандағы қыз» - 3 263 650 теңге.

 

*Материал Meloman Entertainment, Comscore мен Ticketon.kz компанияларының мәліметтері бойынша дайындалды

Қазақстанда Comscore жүйесіне Chaplin Cinemas, Star Cinema және Арсенал кинотеатрлар желісі қосылған.

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Досхан Жолжақсынов

Актер