È

Самал Еслямова «Барымташылар» қазақстан-жапондық фильміне түседі

Самал Еслямова «Барымташылар» қазақстан-жапондық фильміне түседі

Қазақстандық актриса, Канн кинофестивалінің жеңімпазы Самал Еслямова «Барымташылар» атты қазақстан-жапондық фильмге түспек. Картина өндірісімен «Қазақфильм» киностудиясы Tokio New Cinema жапондық компаниясымен бірге айналысып жатыр.

«Барымташылар» фильмі 12 жасар Олжастың хикаясын баяндайды, оның отбасы Тянь-Шань тауының көркем етегінде орналасқан кішігірім ауылда тұрады. Олар шулы қаладан жырақта жылқыларды бағумен айналысып, тыныш өмір сүреді. Бір күні барымташылар тобы отағасын жазық далаға әкеліп, аяусыздықпен өлтіріп, бір табын жылқыны айдап әкетеді. Олжас бұл қайғыны ауыр көтеріп, өзі мен қарындастарының басына түскен қиындықты еңсеруге тырысып бағады. Осындай ауыр кезеңде Олжастың отбасына белгісіз бір жұмбақ жан көмектеседі.

Толықметражды фильмнің режиссері – Ерлан Нұрмұхамбетов, оның қоржынында Австрия, Польша, Франция және Оңтүстік Корея кинофестивальдерінен алған жүлделері бар. Таспаның қосалқы режиссері – Yubari кинофестивалінің жүлдегері, Роттердамдағы кинофестивальдің бас жүлдесіне үміткер, Бучон, Гонконг, Варшава және Мәскеу халықаралық кинофестивальдерінің қатысушысы Лиза Такеба.

Жобаға Самал Еслямовадан бөлек, отандық актер Дулыға Ақмолда және Жапония актері Мирай Морияма түседі. Қоюшы-оператор ретінде Әзиз Жамбакиев шақырылды.

Коөнім құруға Tokyo Filmex кинофестивалінің негізін қалаушы, жапон продюсері Сёдзо Ичияма, халықаралық продюсер Юлия Ким және атқарушы продюсер Әсел Ержанова атсалысады.

Таспа түсірілімі жақын арада басталып, Алматы облысында өтпек.

 

Превью: Анатолий Жданов, Коммерсантъ

 

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Ақан Сатаев

Режиссер