È

«Суперотбасы 2» қазақстандық айналымда көш бастады

14-17 маусым аралығындағы кассалық жинақ

Өткен аптада Қазақстандағы кассалық жинақ рейтингі өзгеріске ұшырады. Өткен аптаның үздігі болған «Юрск кезеңі әлемі 2» картинасын «Суперотбасы 2» басып озды. Pixar студиясының анимациялық картинасы бірінші орынды қаншалықты сақтап тұратыны әзірге жұмбақ. Ал әзірге 14-17 маусым аралығындағы кассалық жинақты* ұсынамыз.

«Суперотбасы 2» анимациялық таспасы айналымды сәтті бастады. Ол демалыста 114 896 668 теңге жинады. Картина Брэд Бёрдтің 2004 жылы жарыққа шыққан «Суперотбасы» фильмінің сиквелі болып келеді. Pixar студиясы үшін «Суперотбасы» франшизаға айналған бесінші жоба. Алдыңғылары – «Ойыншықтар хикаясы», «Көліктер», «Құбыжықтар корпорациясы» және «Немо іздеу кезінде». «Суперотбасы 2» фильмінің өзі Pixar-дың 20-шы толықметражды анимациясы болды.

Екінші апта «Юрск кезеңі әлемі 2» шытырман оқиғалы фильміне 46 846 350 теңге әкелді. Кинотаспа түсірілімі былтырғы жылдың 23 ақпанында Ұлыбританияда басталған. Кейбір көріністер Уэльстегі Брекон Биконс Ұлттық саябағында түсірілді. Сондай-ақ, фильмді Гавайяда түсірген, дегенмен негізгі түсірілім Pinewood Studios павильондарында өтті.

«Юрск кезеңі әлемі 2» фильмінен көрініс
«Юрск кезеңі әлемі 2» фильмінен көрініс

«Тұла бойы сұлу» комедиясы 31 127 250 теңге жинады. Картина АҚШ-та жақсы касса жинаған (32 миллион бюджетімен 66 миллион доллар). Сыншылардың пікірі әртүрлі болды: көпшілігі фильмді батыс сұлулығына сай емес әйелдерді қорлады деп санады. Дегенмен, кереғар пікірлерде де актрисалар Эми Шумер мен Мишель Уильямстың тамаша ойыны сөз болды.

«Эскобар» фильмі 6 994 115 теңге жинады. Картина негізіне журналист Вирджиния Валехо жазған «Паблоны сүю, Эскобарды жек көру» кітабы арқау болды. Әйел есірткі саудасымен айналысатын Пабло Эскобардың көңілдесі болған және бес жыл бойы сүйіктісінің істері жайлы барлығын біліп жүрді. Кітап бестселлерге айналып, 16 тілге аударылған.

Алғашқы демалыста «Еріксіз алаяқ болғандар» қылмыстық комедиясы 3 956 500 теңге көлемінде пайда тапты. Фильм режиссер Джеймс Оклидің екінші толықметражды жұмысы болды. Оның алғашқы картинасы – 2013 жылғы «Сен білетін әзәзіл» детективті триллері, картинаға Розамунд Пайк түскен.

«Эскобар» фильмінен көрініс
«Эскобар» фильмінен көрініс

«Реинкарнация» қорқынышты фильмі 2 376 000 теңге жинады. Қоюшы-режиссер Ари Астер бірнеше жыл бойы продюсерлерді іздеп, түсірілім тобын жинады. Нәтижесінде, ол өндіріске 2017 жылдың ақпанында кіріседі. Астердің айтуы бойынша, ол таспа түсірілімі кезінде «Балақай Розмари», «Сыбыстар мен айғай», «Ал енді қарама» және «Кэрри» картиналарымен шабыттанған.

«Естелікке сурет» ресейлік хорроры 2 149 870 теңге жинады. Картина қоюшы-оператор Антон Зенковичтің режиссерлік дебюті болды. Бұрын Зенкович оператор ретінде «Қарға ханым: Қара ырым» (2015) және «Маршрут салынды» (2016) сынды қорқынышты фильмдерімен айналысқан. Айта кету керек, картинаға қазақстандық актер Санжар Мәди түсті. Актер үшін аталмыш таспа төртінші ресейлік жоба және қорқынышты жанрдағы алғашқы фильм болды.

«Естелікке сурет» фильмінен көрініс
«Естелікке сурет» фильмінен көрініс

«Жаз» музыкалық таспасы кассаны 1 524 600 теңгеге толтырды. Картина негізіне шынайы тұлғалар - «Зоопарк» тобының танымал көшбасшысы Майк Науменко, оның жары және рок-музыкант Виктор Цой арқау болды. Фильм алғаш рет 71-ші Канн кинофестивалінде көрсетіліп, «Үздік саундтрек» жүлдесіне ие болды. Жақында картина Сочидегі 29-шы «Кинотавр» фестивалін ашты.

Ең төменгі касса жинағандар: «Хан Соло. Жұлдыздар соғысы. Тарих» ғарыштық аңызы - 854 236 теңге және «Отбасыңнан қашып құтыла алмайсың» комедиясы - 630 120 теңге.

 

*Материал Meloman Entertainment және Ticketon.kz компанияларының мәліметтері бойынша дайындалды

 

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Берік Айтжанов

Актер