È

«Тынық мұхиты шекарасы 2» 200 млн. теңге жинағымен басталды

22-25 наурыз аралығындағы кассалық жинақ

Өткен мерекелік демалыс экшнді жақсы көретіндерді «Тынық мұхиты шекарасы 2» шығуымен қуантты. Фильмнің көрермендерге ұнағанын алғашқы жинағынан-ақ байқауға болады. «Питер қоян» шытырман оқиғалы комедиясы мен «Жабайы ата-бабалар» мультфильмі де назардан тыс қалмады. Қазақстандағы кассалық жинақ* жайлы толығырақ төмендегі материалымыздан оқыңыздар.

«Тынық мұхиты шекарасы 2» фантастикалық атыс-шабыс фильмі алғашқы демалыста 211 912 000 теңге жинады. Бірінші бөлімнің режиссері болған Гильермо дель Торо сиквелде қоюшының орнын Стивен ДеНайтке сеніп тапсырды. Гильермоның өзі продюсер атанып, «Оскар» жүлдесінің 4 мүсіншесіне ие болған «Су қалыбы» картинасының жұмысына кірісіп кетті.

«Питер қоян» шытырман оқиғалы хикаясы 77 637 725 теңге көлемінде пайда тапты. Фильм британ жазушысы Беатрис Поттердің Питер қоян жайлы жазған хикаясы негізінде түсірілген. Жоба туралы ресми түрде 2015 жылы хабарланды. Түсірілімі 2016 жылдың басында басталған. Өндірісімен Sony Pictures компаниясы айналысты.

«Питер қоян» фильмінен көрініс
«Питер қоян» фильмінен көрініс

«Tomb Raider: Лара Крофт» атыс-шабыс фильмі кассасын 39 058 800 теңгеге толтырды. Режиссер қызметіне Кэтрин Хардвик («Қызыл телпек», 2011), Джозеф Косински («Батылдар ісі», 2017) және Триша Брок («Қызғылт-сары – маусым хиті») қарастырылған еді. Нәтижесінде, фильм қойылымымен норвегиялық режиссер Роар Утхауг айналысты.

«Мен арықтап келемін» ресейлік комедиясы бағытын бәсеңдетті. Өткен демалыста таспа 17 332 000 теңге жинады. Авторлар басты рөлді Борис Хлебниковтың «Аритмия» фильмінің жұлдызы болған Ирина Горбачеваға ұсынған. Бірақ, актриса бас тартты. Ол басты рөлдің орнына кейіпкердің жақын құрбысын сомдауға келісті.

«Шерлок Гномс» мультфильмі 8 586 000 теңге жинады. Картина дыбыстауына Джонни Депптен бөлек, Эмили Блант пен Джеймс МакЭвой қатысты. Екеуі үшін де жоба төртінші анимациялық фильм болды. Блант «Гномео мен Джульетта», «Жануарлар әлеміндегі жанталас» және «Кинодағы My Little Pony» картиналарына, ал МакЭвой «Жіптер», «Гномео мен Джульетта» және «Санта-Клаустың құпия қызметі» фильмдеріне қатысқан болатын.

«Tomb Raider: Лара Крофт» фильмінен көрініс
«Tomb Raider: Лара Крофт» фильмінен көрініс

«Уақыт қалтарысы» фильм-фэнтезиі айналымдағы үшінші аптада 8 581 453 теңге жинады. Фильм түсіріліміне Опра Уинфри мен Андре Холлэнд қатысты. Екеуі фильм режиссері Ава ДюВернеймен бірге бұрын жұмыс істеген. Олар оның 2014 жылы жарыққа шыққан «Сельма» жобасына түскен.

«Бұрынғы ата-бабалар» анимациялық таспасының алғашқы жинағы 5 420 100 теңгені құрайды. Картина негізіне жоба режиссері атанған Ник Парктың аттас әңгімесі арқау болды. Картина өндірісін Aardman Animations студиясы 2007 жылы қолға алған болатын. Алайда, авторлар қажетті 50 миллион долларды 2015 жылы ғана жинаған.

«Сиситай» отандық мюзиклі 4 503 530 теңге жинады (Meloman Entertainment компаниясының мәліметтері бойынша). Картина режиссері Ернар Нұрғалиев болды, ол продюсер Баян Алагөзовамен бірінші рет жұмыс істеп отырған жоқ. Қоюшы бұрын Shine Production үшін бірнеше хикаялар түсірген. Солардың ішінде «Махаббатым жүрегімде 2», «Өгей жүрек» және «Қазақ аруы» хикаялары бар.

Аз көрсеткішке ие болғандар: «Мұз» - 2 052 870 теңге және «Қара ілбісін» - 1 795 383 теңге.

 

*Материал Meloman Entertainment және Ticketon.kz компанияларының мәліметтері бойынша дайындалды.

 

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Дастен Шәкіров

Актер

Құралай Анарбекова

Актриса