«Мажорлар»: Фарс-мажорлар
Назар аударыңыздар! Төмендегі мәтінде «Мажорлар» фильміне арналған спойлер бар. Егер де сіз белгілі бір себептермен киноға баруды жоспарлап жүрсеңіз, өкінішті... Және оқымай-ақ қойсаңыздар болады...
Біреулер киноны өнерге деген махаббатының арқасында, енді бірі ақша табу үшін түсіретіні анық. Ал Сиви мен Марсель Махмудидің не себепті киномен айналысып жүргені тек Махмудидің отбасы мүшелеріне ғана мәлім. Махмут Нәлібаевтың мұрагерлері қаржыдан таршылық көріп отырған жоқ, фильмдеріне қарап, махаббатын да байқай алмайсың. Тіпті, керісінше сияқты...
Биылғы жылдың көктемінде айналымға «Соқыр махаббат» фильмі шығып, тыбысқа жете алмаған болатын. Оның продюсері әрі басты рөлді сомдаушы - Сиви Махмуди. Ал осы аптада отандық айналымға Сивидің інісі Марсельдің «Мажорлар» атты картинасы шықты.
Сонымен, кеттік. Фильм басында уақытпен өлтірілген ескі «Жигулимен» отбасылық жұп келе жатады да, аударылып, қайтыс болады. Әрі қарай оларды еске алмасақ та болады, өйткені сюжетке ешқандай қатысы жоқ.
Содан кейін «Мажорлардың» басты кейіпкері Марсельмен танысамыз. Ол «Марсель» атты өз клубына кіріп келіп, достары Бага мен Даникпен әңгімелеседі. Әрі қарай Марсель бір қыздың жанына келіп, телефонын ұсынады да, «Мынаған өз номеріңді жазсаң болады» дейді. Бойжеткен «Мен басқа қыздар секілді емеспін, менің номерімді алуға лайық болу керек» деп жауап қайырады. Марсель ақыры лайықты болады. Екінші рет жақындап келіп, қызды биге шақырады. Бойжеткен «Менің ханзадам осы» сынды сыңай танытады да, соқыр махаббат басталады.
Бұл оқиғалар Даникке мүлдем ұнамайды. Ол бала күнінен бері Марсельге қызғана қарап жүреді. Сонымен қатар, барлығынан бір уақытта кек алғысы келеді. Ал Бага қазақ киносының көне дәстүрі бойынша бокспен айналысады. Қазақ киносында тағы бір дәстүр бар, ол біріншісімен тікелей байланысты. Бокспен айналысатын кейіпкердің үнемі қаржылай қиындықтары немесе ауырып, өлім аузында жатқан кішкентай туысы болады.
Негізі, Марсель Махмудидің киносы Сивидің фильміне қарағанда жақсырақ шыққан. Бірақ, осы орайда салыстырудың да қажеті шамалы. Өйткені, сасып кеткен жұмыртқа мен көгеріп кеткен қызанақты салыстырумен бірдей. Мәнісі біреу – екеуін де тамақ ретінде қолдануға болмайды. Айырмашылығы, режиссер Жәнібек Ғұсманов Махмуди отбасын камераға жақсы түсірген. Жо-жоқ, бұл жерде де бұрынғыдай киімге тиген микрофонның дауысы және сөйлеп жатқан дауыстар кейде қатты шығып кетеді. Дегенмен, актерлардың артикуляциясы дыбыстаумен дәл түскен. Бұл «Соқыр махаббатта» болмаған еді. Сол себепті, мұны өрлеуге жатқызуға болады.
Фильмде сценарий, актерлік ойын, кейіпкерлердің ойы ешқандай әсерлілік тудырмайды. Бірақ, көптеген жасандылық, мақтан қуушылық бар, өте көп. Марсельдің «Марсель» атты түнгі клубы бар, «Марсель» атты су ішеді және «М» әрпі жазылған доп тебеді. Марсель мен оның отбасы алтынмен апталған зәулім сарайда өмір сүреді, ал тамақтанған уақытта жандарында қызметші тұрады. Не үшін? Кіммен бірге жұмыс істеп, әңгімелескеніңізді білу үшін. Жарайды, кейіпкерлер мен драматургияға оралайықшы...
Сонымен, Марсель. Кішкентай кезінде оны құмырсқалар илеуіне бетімен құлатып алған сияқты, өйткені оның беті ылғи ісіп тұрғандай боп көрінеді. Сондай-ақ, бүкіл фильм бойы бір ғана эмоциямен жүрді. Марсельдің бет-бейнесі ешқандай көңіл-күйді білдірмейді екен. Тіпті, сүйікті қызымен бірге жүрген романтикалық кездерде де, көз алдында досын атып тастағанда да мүлдем эмоциясын білдіре алмады. Өте салмақты адам екен. Тіпті, сөз жоқ...
Сонымен қатар, Марсельдің ірі шаруа қожалығы бар. Бұл сөзді бұрын естіп пе едіңіз? Иә, қожалық Марсельде де бар. Ол жақта тіпті нағыз күйме де бар. Басты кейіпкерлер сол күймемен қыдырады. Енді Алматының шетінде, ірі қожалықта Махмуди отбасының мұрагері Марсель ханзада күймемен қыдырып жүретінін білетін боласыздар.
Даник. Классикалық оперетталық дұшпан. Қаскүнем болып туып-өскен. Кек алуды жоспарлап жүреді. Даниктің білетін ақпаратына сәйкес, әкесінің өліміне Марсельдің әкесі кінәлі екен. Таң қаларлығы, сюжет бойынша Даник 17 жаста (барлық кейіпкерлер мектепті жаңадан бітірген), ал әкесін 90-жылдардың ортасында өлтіріп кеткен. Яғни, Даник әкесі қайтыс болғаннан кейін, бірнеше жылдан соң дүниеге келген. Бірақ, қалай туылғандығы гинекологтарды да таң қалдыруда!
Бірақ, кек алу жоспарын бағалап көріңіздерші! Бір көріністе Бага Даникпен қалай танысқанын айтып береді. Оқиға екінші сыныпта болған деседі. «Көшеде Марсель екеуіміз кетіп бара жатсақ, Даник иттерден қашып жүр екен. Марсель таяқ алып, иттерді қуып жібереді. Осылайша, достасып кеттік». Құдды, иттер сегіз жасар кек алушы Даникпен келісіп алғандай... Кейіннен Даник Марсельдің қалтасына есірткі салып қойып, өз телефонынан (алты секундтың ішінде табуға болады ғой) құпия түрде полицияға хабар береді. Қылмыс әлемінің патшасы ма дерсің...
Ал Багамен ішің пысып кетеді. Ол бір кезде қарындасына ота жасату үшін жұмсалатын ақшаның жетіспеушілігінен қиналып отырады, енді бірде достарымен қыдырып, түнгі клубты шарлап, қымбат көлікпен алаңсыз жүреді. Ақылға қонымсыз...
Қыздармен де түсініксіздеу. Біреуі қол жетпейтіндей болып көрінеді де, 51 раушан гүліне бола «Қымбат тұратын шығар?» деген сөздермен еріп сала береді. Жоқ, сүйкімді қыз екен! Гүл сататын дүкеннен жәй күндері алсаң, 7250 теңге тұрады.
Айтпақшы, кинода Қымбат есімді кейіпкер бар. Қымбатпен болған көріністер қызықтыра түседі. Қымбат – фильм басында қайтыс болып кеткен қарт жұптың қызы. Марсельдің ата-анасы Қымбатты өз үйлеріне тұрғызады. Өйткені, бойжеткен Марсельдің әкесінің досының қызы болатын. Қымбат мединститутқа түсуге дайындалып жүреді, ал Марсель оны киім сататын дүкенге және шаштаразға алып келіп, сыртқы бейнесін «птеродактиль ұясындағы ксеноморфқа» (Gakku арнасында оларды жиі көрсететінін білесіздер) өзгертеді. Даник қызға аздап қырыңдап, үйіне жеткізіп тастайды. Содан кейін бойжеткен мединститутқа оқуға түседі. Болды. Барлығы тамаша. Қымбаттың негізгі сюжет желісіне ешқандай әсері жоқ. Фильмдегі Қымбаттың рөлін кесіп алып тастасаң да, ештеңе өзгермейді. Бірақ, Қымбатты кесіп тастай алмайсың. Өйткені, ол «Мажорлар» фильмінің атқарушы продюсері.
Жалпы, «Мажорлар» картинасы мажорлардың қарапайым халыққа, яғни көрерменге жоғарыдан менсінбей қарайтындығын дәлелдегендей. Актерлар ойнай алмады, режиссер де ештеңе қойған жоқ. Сценаристер оқиға өрбітудің орнына, мақтаншақтықты көрсетуге тырысқандай. Тіпті, титр мен субтитр жасаған адамның өзі ешкімді менсінбеді, өйткені «присматри», «автор сценрия», «сведения звука», «Мама Марсель», «Папа Марсель» және «окружение Марсель» секілді қате жазылған сөздер көптеп кездеседі.
Соңында, ерке балалардың бай ата-аналарына мынаны айтқым келеді: Өтінемін, балаларыңызға кино сатып алуды доғарыңыздаршы. Оларға түнгі клуб, жеке қожалық, тағы да күйме (біріншісі бар болса да) секілді дүниелерді алып берсеңіздер де, киноны сатып алмаңыздаршы. Өйткені, кино сатып алу арқылы отандық кинематографшылардың еңбегін жоқ қыласыздар, отандық мәдениетке зиян келтіріп, осындай фильмге барған қарапайым халықты қанайсыздар.
Киноға Кәрім Қадырбаев барды
Оцените рецензию
3 пікір
Пікір қалдыру үшін
Askar
22 шілде 2017, 00:25Читать в слух с заложенным носом: "Дааа, кто ты такой, черт тебя побери!!!" =)
Adil Ibrayev
22 шілде 2017, 01:19Приятно читать, Карим
Ося Бендер
24 шілде 2017, 16:00талант трудно пропить ;-)