È

«Қазақша кәсіп Америкада» жинақ бойынша «Әйгілі шоуменді» басып озды

4-7 қаңтар аралығындағы кассалық жинақ

2018 жылдың алғашқы аптасы өтті. Әлемдік картиналарды, соның ішінде «Әйгілі шоуменді» жинақ бойынша «Қазақша кәсіп Америкада» отандық комедиясы басып озды. Айналым үздіктерінің бестігіне «Қазаққа ғашық болмаудың 5 себебі» отандық фильмі де енді. Қазақстандағы кассалық жинақтың нақты санын төменнен оқыңыздар.

Отандық айналымда «Қазақша кәсіп Америкада» фильмі көш бастап тұр, картина айналымның екінші аптасында 117 841 300 теңге жинады. Картина жинағы әзірге 310 429 300 теңгені құрайды. Отандық комедия 20 күн бойы Лос-Анджелесте түсірілді.

«Әйгілі шоумен» мюзиклі тұсаукесерлі аптада 102 732 600 теңге жинады. Бұл - режиссер Майкл Грейсидің дебютті картинасы. Хью Джекман Тейлор Барнумның рөлін ұзақ күткен, себебі актер бұл рөлді 2009 жылдан бері аңсап келеді. Айта кету керек, бұл Хью Джекман қатысуындағы бірінші мюзикл емес. 2012 жылы шыққан «Шеттетілген» фильмінде актер вокалды қабілетін көрсеткен болатын.

«Әйгілі шоумен» фильмінен көрініс

Үшінші қатарға «Джуманджи: Орман шақырады» шытырман оқиғалы фильмі жайғасты. Кинотаспа 79 591 822 теңге жинады. Картинаның жалпы жинағы 413 214 102 теңгеге тең. Актер Джек Блэк үшін аталмыш жоба үшіншісі болып саналады, картинадағы оқиға орманда өрбиді. Алдыңғылары - «Кинг Конг» (2005) және «Сәтсіздік сарбаздары» (2008). «Джуманджи: Орман шақырады» фильмінің түсірілімінде Джек қайтадан британ актрисасы Кэтрин Тейтпен бірге жұмыс істеді, екеуі 2010 жылы «Гулливер саяхаты» фильміне түскен.

«Фердинанд» шытырман оқиғалы хикаясын көрермендер 39 466 050 теңгеге бағалады. Анимация актер әрі әзілкеш Габриэль Иглесиастың («Нарко» хикаясы) 2017 жылы шыққан екінші жобасы болды, ол «Коко құпиясы» жобасын дыбстауға атсалысқан. «Фердинанд» - Дэвид Теннант («Армандағы демалыс») мансабындағы үшінші мультфильм. Алдыңғы екеуі - «Айдаһарды қалай үйрету керек» (2010) және «Қарақшылар! Жолы болмайтындар тобы» (2012).

«Чудо-Юдо» ресейлік анимациясы тұсаукесерлі демалыста 33 813 050 теңге көлемінде пайда тапты. Бұл - режиссер әрі сценарист Артем Лукичевтің дебютті толық метрі. Оның алғашқы киножұмысы – 2006 жылы түсірілген «Мультипотам 3. Жатқа білу» қысқаметражды анимациясы. Лукичев жаңа жобаға сценарист ретінде Василий Ровенскийді шақырды, ол 10-ға жуық картиналардың авторы болып табылады.

«Қазаққа ғашық болмаудың 5 себебі» фильмінен көрініс

Жаңа жыл қарсаңында жарыққа шыққан кезекті «Қазаққа ғашық болмаудың 5 себебі» отандық комедиясы кассаны 27 591 000 теңгеге толтырды. Картина екі аптаның ішінде 66 571 200 теңге жинаған. Фильм - режиссер Асқар Ұзабаев пен Әсел Сәдуақасованың үшінші біріккен жобасы. Актер Нұржан Садыбеков үшін бұл 2017 жылы жарыққа шыққан екінші картина болды. Алғашқысы - «Бөлінбейтін» қылмыстық хикаясы.

«Үш батыр және Египет ханшайымы» мультфильмі 26 019 813 теңге жинады. Бұл - «Мельница» студиясы айналысып жатқан «Үш батыр» жайындағы франшизаның сегізінші фильмі. Компания жаңа бөліммен 2017 жылдың сәуірінен маусымға дейін жұмыс істеген. Картина айналымға «Пирамидаларды тонаймыз!» ұранымен шыққан.

«Жаңа шыршалар» фильмі кейіпкерлерінің жаңа жылдық әрекеттері үшінші аптада 14 632 165 теңге жинады. Сергей Светлаков сұхбаттарының бірінде бұл картина түсірілімінің франшиза тарихындағы ең қауіптісі болғанын хабарлады. Мысалы, Дмитрий Нагиев суық ойыққа түсу, қысқы орманда жану әрі тоңу сынды нағыз сынақтардан өткен. Тіпті, отқа қатысты түсірілімнің бірінде Нагиев дублердің көмегіне жүгінбей-ақ өзі түскен.

«Жаңа шыршалар» фильмінен көрініс

Ал мына картиналар үшін демалыс сәтсіздеу болды: «Жәндіктердің жұмбақ өмірі» - 8 215 600 теңге, «Өлілер күні: Ащы қан» - 6 005 900 теңге, «Біздің әкеміз кім, балақай?» - 6 658 400 теңге.

3 390 992 теңге жинаған «Жұлдыздар соғысы: Соңғы джедайлар» картинасы, 3 699 200 теңгесі бар «Коко құпиясы» және 2 525 500 теңге жинаған «ZOR» айналымды ақырындап тастап барады.

 

*Материал Meloman Entertainment компаниясының және Comscore мен Ticketon.kz жүйелерінің мәліметтері бойынша дайындалды

Қазақстанда Comscore жүйесіне Chaplin Cinemas, Star Cinema және Арсенал кинотеатрлары қосылған.

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Берік Айтжанов

Актер