È

Дәурен Серғазин: «Аға ма әлде неке ме?» фильмінде аңқау әрі ғашық жігітті сомдаймын»

Дәурен Серғазин: «Аға ма әлде неке ме?» фильмінде аңқау әрі ғашық жігітті сомдаймын»

26 қазан күні отандық айналымға «Аға ма әлде неке ме?» фильмі шығады. Картина Гаухардың жүрегін жаулап алуға тырысқан және сүйіктісінің бес ағасының құрметіне ие болғысы келетін Айдардың хикаяларын баяндайды. Махаббат үшін күресетін кейіпкерді «Қара шаңырақ» пен «Ән аға» хикаялары арқылы танылған театр және кино актері Дәурен Серғазин сомдады.

«Аға ма әлде неке ме?» фильмінде аңқау әрі ғашық жігітті сомдаймын. Көрермендер ол жігіттен қулық пен көреалмаушылық сынды қасиеттерді көрмейтін болады. Бірақ, қатал тағдырдың аясында үнемі жолы болмай жүреді. Бір күні сүйіктісіне ұсыныс жасаған кезде «жоқ» деген жауапты естиді. Бірақ Айдар берілмейді, сүйіктісі мен оның ағаларының сеніміне кіру үшін барлығына барады»,-дейді актер өзінің кейіпкері туралы.

«Аға ма әлде неке ме?» фильмінің түсірілімінен сурет

Комедиялық фильмді түсіру идеясы Әлішер Утевке тиесілі, оның жүзеге асуына продюсер ретінде басты рөлді сомдаған Құралай Анарбекова көмектесті. Екеуі үшін де «Аға ма әлде неке ме?» фильмі киноға жасаған жаңа қадам болды. Жоба Дәурен Серғазин үшін де ерекшелікке толы.

«Картина мансабымдағы жаңа бағыт болды. Бұрын мен драмалық картиналарға түсетінмін, сондықтан Айдардың образы мен үшін тәжірибе. Негізі, комедиялық кейіпкерді сомдау біз ойлағандай оңай емес. Мен өз рөлімді алып шыға алдым ба, жоқ па, бағасын халық береді. Тек көрген адамның әрқайсысы көрсетілімнен кейін жақсы көңіл күйде шығады деп сенемін»,-дейді актер.

«Аға ма әлде неке ме?» фильмінің түсірілімінен сурет

Еске сала кетсек, кинотаспа түсірілімі Алматыда биылғы көктемде болған. Жобаның режиссері - Ернар Нұрғалиев.

«Аға ма әлде неке ме?» фильмінің ресми трейлерін мына жерден көре аласыздар.

 

Суреттер «Аға ма әлде неке ме?» фильмінің Instagram-дағы ресми парақшасынан алынды

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Ахат Ибраев

Режиссер

Әлішер Хайыров

Актер

Қуан Ликеров

Актер

Айнұр Ниязова

Актриса