È

«Дэдпул 2» алғашқы демалыста 500 млн. теңге жинады

17-20 мамыр аралығындағы кассалық жинақ

Өткен апта «Дэдпул» шытырман оқиғалы атыс-шабыс фильмінің екінші бөлімінің және басты рөлді Марго Робби сомдаған «Біткен» қылмыстық триллерінің шығуымен есте қалды. «Кек алушылар: Мәңгілік соғысты» қай кинотаспа кейінге ығыстырды екен, оны Қазақстандағы кассалық жинақ рейтингісінен оқыңыздар.

«Дэдпул 2» блокбастері «Кек алушылар: Мәңгілік соғысты» ығыстырып, бірінші орынға ие болды. Жалданушының екінші бөлімі 540 008 320 теңге жинады. Бірінші бөлімінің режиссері Тим Миллер Райан Рейнольдспен арадағы келіспеушілік салдарынан жобадан кетіп қалды. Продюсерлер оның орнына Руперт Сандерсті («Сауытты елес»), Дрю Годдардты («Ормандағы лашық») және Магнус Мартенсті («Щ.И.Т. агенттері» хикаясы) қарастырған. Нәтижесінде, Шарлиз Теронның қатысуындағы «Жойқын ақсары қыз» картинасын түсірген Дэвид Литчке таңдау түсті.

«Кек алушылар: Мәңгілік соғыс» фильмі екінші орынға түсіп қалды. Картина үшінші аптада 30 250 265 теңге жинады. Әзірге, бар жинағы 792 852 543 теңгені құрайды. Marvel Studios мәліметіне сәйкес, фильм 64 басты кейіпкерді жинап, Галактика сақшылары мен Кек алушыларды бір жерге жинаған тарихтағы алғашқы картина атанды. Кіші Роберт Дауни мен Крис Эванс үшін бұл өздері Темір адам мен Капитан Американы сомдаған тоғызыншы жоба болды.

«Борт сыртында» фильмінен көрініс
«Борт сыртында» фильмінен көрініс

Үшінші орынға 12 969 600 теңге жинағымен «Борт сыртында» комедиясы жайғасты. Фильм 1987 жылғы Гэрри Маршаллдың Голди Хоун мен Курт Рассел түскен аттас картинасының ремейкі болды. Жаңа нұсқасының қойылымымен Боб Фишер және Роб Гринберг айналысты. Алғашқысы «Біз – Миллерлерміз» картинасы арқылы таныс, ал екіншісі – «Мен сіздің анаңызды қалай жолықтырдым» танымал хикаясының режиссері.

Марго Роббидің қатысуындағы «Біткен» таспасы отандық көрермендерді аса қызықтыра қоймады. Фильм тұсаукесерлі аптада 3 033 753 теңге жинады. Картина Марго Роббидің қатысуымен соңғы бірнеше жылда жарыққа шыққан бесінші жоба болды. Алдыңғылары – «Тоня барлығына қарсы», «Қош бол, Кристофер Робин!», «Питер қоян» және «Жас бұзақылар».

Үздіктер бестігін 3 001 600 теңге жинаған «Қаз әке-ана» мультфильмі қорытындылайды. Крэйг Фергюсон үшін бұл кейіпкердің бірін өзі дыбыстаған бесінші толықметражды анимация болды. Бұрын актер өз дауысын «Айдаһарды қалай үйретуге болады» (2010), «Винни қонжық пен оның достары» (2011), «Батыл жүрек» (2012) және «Айдаһарды қалай үйретуге болады 2» (2014) фильмдерінің кейіпкеріне тарту еткен болатын.

«Айла: Соғыс қызы» фильмінен көрініс
«Айла: Соғыс қызы» фильмінен көрініс

«Айла: Соғыс қызы» түрік таспасы 2 984 970 теңге жинады. Фильм түсірілімі 2016 жылғы қарашада Түркияда басталып, 2017 жылдың маусымында Оңтүстік Кореяда аяқталған. Әр түрлі жастағы басты кейіпкерді корейлік актрисалар Ли Гён-джин және Ким Соль сомдады. Картина Мустафа Ослу кинокомпаниясымен өндірілді.

«Истерия» психологиялық триллері кассаны 2 982 438 теңгеге толтырды. Актер Тофер Грейс үшін бұл триллер мен қорқынышты фильм жанрындағы алғашқы басты рөл болды. Бұрын ол комедиялық және шытырман оқиғалы картиналардың кейіпкерін сомдаған. Сонымен қатар, «Истерия» Леонардо ДиКаприоның 19-шы продюсерлік жобасы болып келеді.

«Арашық Майя мен бал кубогы» анимациялық фильмі 2 982 155 теңгемен айналымды бастады. Таспа - Вальдемар Бонсельстің «Арашық Майяның хикаялары» повестінің желісімен түсірілген «Арашық Майя» (2014) мультфильмінің жалғасы. Сиквел режиссерлары - Ноэль Клири, Серджо Делфино, Алекс Стадерманн. Мультфильм Германия және Аустралия студияларымен өндірілді.

Рейтингтің төменгі жағына 1 148 967 теңге жинағымен «Собибор» ресейлік драмасы, 876 368 теңгемен «Өлім музасы» триллері, 823 200 теңгемен «Сұлу ару мен құбыжық» мелодрамасы және 806 400 теңге жинағымен «Роналду Мессиге қарсы» деректі фильмі орналасты.

 

*Материал Meloman Entertainment және Ticketon.kz компанияларының мәліметтері бойынша дайындалды

 

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Құралай Анарбекова

Актриса