È

«ZOR» драмасы үздік бестіктің қатарында

21-24 желтоқсан аралығындағы кассалық жинақ

Өткен аптада киномандар «Джуманджи: Орман шақырады» фильмінде Дуэйн Джонсонспен бірге орманға қызықты саяхат жасады, «Жаңа шыршалар» комедиясының арқасында көтеріңкі көңіл-күйге ие болды және отандық «ZOR» спорттық драмасынан жігерлене түсті. Киножаңалықтар қанша касса жинады, қандай картина Қазақстандағы кассалық жинақтың рейтингісінен көрінді, барлығын осы жерден оқи аласыздар.

Отандық айналымда 124 573 760 теңге көлеміндегі жинағымен «Джуманджи: Орман шақырады» фильмі көш бастап тұр. Картина 1995 жылы шыққан «Джуманджи» фильмінің сиквелі болып табылады. Режиссерлік орынға Джейк Кэздан ие болды, ол Кэмерон Диазбен бірге «Өте нашар мұғалім» комедисын түсірген еді. Сиквел сценарийін Крис МакКенна, Джефф Пинкнер, Скотт Розенберг және Эрик Соммерс жазды. Шытырманға толы хикаяның түсірілімі 2016 жылы күзде Гаваи аралында өткен.

Рейтингтегі екінші орынға «Жаңа шыршалар» ресейлік комедиясы жайғасты. Жаңа жылдық франшизаның жаңа бөлімі 32 554 374 теңге жинады. Тимур Бекмамбетов пен Жора Крыжовников жоба сценаристерін өздері таңдады. Нәтижесінде, 600 үміткердің ішінен 10 автор ғана екі ай бойы кинотаспаға арнап, новелла жазды. Сонымен қатар, авторлар Ресей тұрғындарының арасында да байқау өткізді, кейін жеңімпаздары түсірілімге қатысты.

«Жаңа шыршалар» фильмінен көрініс
«Жаңа шыршалар» фильмінен көрініс

«Фердинанд» мультфильмі екінші орынға сәл ғана жетпей қалды. Картина 28 468 200 теңге көлемінде пайда тапты. Анимацияны дыбыстауға рестлер әрі актер Джон Сина қатысты. «Фердинанд» - оның төртінші мультипликациялық жобасы. Алдыңғылары «Скуби-Ду! Шайқасу өнері» (2014), «Флинстоундар: Тас ғасырының күрескерлері» (2015) және «Толқында бол 2» (2017) картиналары болатын.

«Жұлдыздар соғысы: Соңғы джедайлар» фильмі үздіктер қатарынан ығыстырылды. Айналымдағы екінші күн картинаға бар-жоғы 13 531 100 теңге сыйлады. Декорацияларымен қоюшы-суретші, «Оскар» иегері Рик Хайнрикс айналысты. Оның жетекшілігімен 120 декорация құрылды, барлығы Pinewood пен Longcross Studios студияларының алаңқайлары мен павильондарына орнатылды. «Жұлдыздар соғысы: Соңғы джедайлардың» Қазақстандағы жалпы жинағы әзірге 135 687 411 теңгені құрайды.

«ZOR» спорттық драмасы үшін бұл апта сәтті болғандай. Картинаның алғашқы жинағы 11 338 650 теңгені құрады. BN тобының мүшелері: Айдын Жұмахан, Альбина Болатқызы мен Әлішер Әскербеков киноға дебютті қадам жасады. Режиссер Шапағат Орынбаевтың айтуынша, картина идеясы BN тобының «Топ-томпақ» бейнебаянының көрсетілімінен кейін туындаған.

«Виктория мен Абдул» фильмінен көрініс
«Виктория мен Абдул» фильмінен көрініс

«Түнгі адам» хорроры екінші аптада 5 441 400 теңге жинады. Таспа 2013 жылы Роб Кеннеди түсірген ирландық аттас фильмнің ремейкі болып табылады. Жаңа нұсқасында Роб сценарист болды, ал режиссерлік орынға Трэвис Заривны ие болған. Фильм түсірілімі Канадада, Виннипегте өтті.

«Виктория және Абдул» өмірбаяндық таспасы кассаны 4 909 600 теңгеге толтырды. Фильм сценарийін драматург Ли Холл жазды, ол журналист Шрабами Бассудың аттас романынан шабыттана түскен. Жоба жайында 2016 жылдың маусымында белгілі болған, ал түсірілім 15 қыркүйекте басталды. Кинотаспа Англияда, Виктория патшайым салғызған Осборн-хаус сарайында және Уйат аралында түсірілді.

«ZOR» фильмінен көрініс
«ZOR» фильмінен көрініс

«Коко құпиясы» анимациясы бесінші апта киноэкрандардан көрсетілуде. Ол өткен аптада 4 116 661 теңге жинады. Жалпы айналымда фильм қоржыны 235 064 028 теңгеге толықты. Жобада «Оскар» жүлдесінің лауреаты Майкл Джаккино композитор болды. Музыкант «Зверополис», «Жоғарыға қарай» және «Рататуй» сынды табысты картиналарға шығарма жазған.

Отандық көрермендерді келесі картиналар аса қызықтыра қоймады: «Жаңа жылдық шиеленіс» - 2 534 500 теңге, «Шетелдік» - 1 878 800 теңге және «Бақытты өлім күні» - 1 274 000 теңге.

«Бөлінбейтін» қылмыстық комедиясының жинағы лезде түсіп қалды. Фильм екінші демалыста 821 300 теңге жинаған.

«Сауық кеші» триллері де айналымда сәтсіз басталды. Оның жинағы 496 600 теңгені құраған.

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Санұржан Сүлейменов

Актер

Жанель Әлікова

Актриса

Берік Арықбаев

Актер