Ермек Тұрсынов «Киномеханик» фильмінің соңғы көріністерін түсіріп бітірді
Отандық режиссер әрі сценарист Ермек Тұрсынов «Киномеханик» фильмінің түсірілімін аяқтады. Картина түсірілімі мамыр айының соңында басталып, Венгрия мен Алматы облысында, Жаркент қаласына таяу жерде өткен. Қазіргі таңда кинотаспа монтаждалып жатыр.
«Киномеханик» драмасы – ауыл-ауылдарды аралап, тұрғындарға кино көрсетіп жүретін қарт сарбаз туралы хикая. Ол Ұлы Отан соғысы кезінде егде тартқан немістен жылжымалы киноаппаратты сыйға алады. Сол кезден басталған кейіпкердің басты мақсаты – ауыл тұрғындарын кинематограф мәдениетімен таныстыру.
Таспа түсіріліміне екінші режиссер ретінде Венгриядан келген Тамаш Тот атсалысты. «Киномеханик» оның Ермек Тұрсыновпен бірге істеген екінші фильмі болып табылады. Алғашқысы - 2014 жылғы «Кемпір» комедиясы. Сондай-ақ, жобаның әуенімен композитор Қуат Шілдебаев айналысты.
«Киномеханик» фильмінің түсірілімінен сурет
Басты кейіпкердің әрбір жасын Қуат Тілеубаев пен 69 жасар актер Мұрат Мұқажанов сомдады. Сонымен қатар, фильмге танымал ресейлік актриса Нина Усатова мен Ісбек Әбільмажанов түсті.
Кинотаспа «Қазақфильм» киностудиясымен және «Тұрсыновфильм» ЖШС-мен түсірілді. Көркем фильмнің бас продюсері - Қанат Төребай.
пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін