È

«Кинодан да артық» комедиясы алғашқы демалыста 24 млн. теңгеден астам қаржы жинады

23-26 қараша аралығындағы кассалық жинақ

Өткен аптада еліміздің киноқоры отандық өндірістің екі фильмімен толықты. Айналымға Асқар Бисембиннің «Кинодан да артық» комедиясы және Альмири Қарпықовтың «Махаббат жайында 100 минут» мелодрамасы шықты. Картиналардың айналымда қанша пайда тапқанын және шетелдік таспалардың жинақ бойынша алға шыққан-шықпағанын Қазақстандағы кассалық жинаққа арналған материалдан біле аласыздар.

«Әділдік одағы» шытырман хикаясы әлі де айналым үздіктерінің қатарында. Жақсы бастамаға қарамастан, фильм екінші аптада 60 507 150 теңге ғана жинады. Бастапқыда режиссерлік орын Джордж Миллерге тиесілі еді, бірақ ол кейін жобадан кетіп қалады. Одан соң режиссер рөліне Бен Аффлек және әпкелі-сіңлілер Лана мен Лилли Вачовскилер қарастырылды. Ақыры, таспа қоюшысы Зак Снайдер болды. Алайда, ол да жобаны соңына дейін аяқтай алмады, оның басты себебі қызының қайтыс болуымен байланысты еді. Түсірілімнің соңғы айларында оның орнын Джосс Уидон («Кек алушылар: Альтрон кезеңі») басты.

Рейтингтегі екінші орынға 53 514 527 теңге жинағымен «Коко құпиясы» мультфильмі жайғасты. Бұл жоба Pixar студиясының он тоғызыншы толықметражды анимациясы болып табылады. Картина алғашқыда өлілерді еске алу үшін тойланатын мерекенің құрметіне «Өлілер күні» деп аталған. Режиссер ретінде Ли Анкрич шықырылды, ол «Құбыжықтар бірлестігі», «Немоны іздеу» және «Ойыншықтар тарихы» атты танымал мультфильмдерді жарыққа шығарған.

«Аққала» фильмінен көрініс

Үшінші орынды норвеж жазушысы Ю. Несбёнің аттас романының желісімен түсірілген «Аққала» детективті хикаясы иеленді. Кинотаспа 38 954 750 теңге жинады. Алғашқы кезде режиссері Мартин Скорсезе болған. Бірақ, ол жобада атқарушы продюсер ретінде қалады да, қойылымымен швед режиссері әрі актер Томас Альфредсон айналысты. Оның фильмографиясында әзірге толықметражды 5 жұмысы бар.

«Қош келдің, әке, Жаңа жыл!» американдық комедиясы 30 308 900 теңге жинады. Кинотаспа Конкорд қаласында және Массачусетс штаты, Грэйт Баррингтонда түсірілді. Түсірілім 2017 жылдың 20 наурызында басталды. Жобаның қоюшы-режиссері - Шон Андерс, ол «Епсіз бастықтар 2» картинасын түсіріп, «Біз – Миллерлерміз» фильмінің сценарийін жазған. Сонымен қатар, ол «Әке-досвидос» (2012) картинасы үшін «Алтын таңқұрай» иегері атанған.

«Кинодан да артық» фильмінен көрініс

Айналымның үздік бестігінің қатарына Асқар Бисембиннің «Кинодан да артық» комедиясы енді. Фильм тұсаукесерлі демалыста 24 215 000 теңге жинады. Картина осы жазда Алматыда 20 күн бойы түсірілді. Алғашында басты рөлге Дәурен Айдарқұлов қарастырылған. Бірақ, кейін рөл Данияр Алшыновқа бұйырды. Көріністердің бірінде актриса Аружан Жазылбекова алғаш рет ән салды.

«Коматозниктер» триллерінің жинағы 19 929 864 теңгені құрады. Кинотаспа 1990 жылы шыққан Джоэл Шумахердің «Коматозниктерінің» ремейкі болып табылады. Ремейк режиссурасымен Нильс Арден Оплев айналысты, ол бұрын әлемге «Айдаһар суреті бейнеленген қыз» фильмін ұсынған. Жаңа «Коматозниктердің» түсірілімі Cross Creek Pictures, Furthur Films және Laurence Mark Productions кинокомпанияларының қатысуымен Чикагода өтті.

«Шығыс экспрессіндегі өлім» картинасының жинағы күннен-күнге азайып келеді. Туынды өткен демалыста 13 641 700 теңге жинады. Бұл Кеннет Брана мен актер Дерек Джекобидің алғашқы біріккен жұмысы емес. Екеуі «V Генрих: Азенкурдағы шайқас» (1989), «Қайта өлу» (1991), «Гамлет» (1996) және «Күлбике» (2015) картиналарымен бірге жұмыс істеген.

«Ғажайып» фильмінен көрініс

«Тор: Рагнарёк» айналымның төртінші аптасында 11 129 936 теңге жинады. Кинофантастиканың жалпы жинағы 506 390 604 теңгені құрайды. Түсірілім үшін Village Roadshow Studios студиясында арнайы екі декорация құрылды – Асгард Галереясы және Сакаар. Декорация жасауға төрт айдан астам уақыт кеткен, оған 450 адам атсалысты. Түсірілім алаңының екеуі де екі футбол алаңына тең аймақты қамтыды.

«Ғажайып» драмасы 8 616 200 теңге жинады. Жас актер Джейкоб Тремблей үшін жоба алтыншы толықметражды картина әрі романның екінші экрандауы болды. Оның роман бойынша түсірілген алғашқы фильмі – 2015 жылы шыққан Леонард Абрахамсонның «Бөлме» триллері. «Ғажайып» картинасы актерлар Джулия Робертс пен Оуэн Уилсонның алғашқы біріккен жұмысы.

«Махаббат жайында 100 минут» отандық фильмінің тұсаукесерлі жинағы 1 827 600 теңгені құрады. 961 100 теңге жинағымен «Соңғы жауынгер» және 729 300 теңгемен «Жалға алынған балалар» ресейлік картиналары да жинақ бойынша алысқа ұзамады.

 

*Материал Meloman Entertainment және Comscore мен Ticketon.kz компанияларының мәліметтері бойынша дайындалды

Қазақстанда Comscore жүйесіне Chaplin Cinemas, Star Cinema және Арсенал кинотеатрлар желісі қосылған

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Берік Айтжанов

Актер