«Бір сен үшін» мелодрамасы 15 миллионнан астам қаржы жинады
Өткен аптада отандық жаңа кино - «Бір сен үшін» мелодрамасы, «Тастанды Z қаласы» шытырманға толы фильмі, «Уәде» атты геноцид туралы тарихи драма және «Менің қызым – құбыжық» фантастикалық туындысы айналымға шықты.
Қазақстандық айналым бойынша кассалық жинақтың үздігі болып әлі де «Форсаж 8» туындысы алда келеді. Атыс-шабыс фильмі 170 463 070 теңге табыс тапты. Фильмнің жаңа бөлімінде бірден «Оскардың» екі иегері - Шарлиз Терон және Хелен Миррен ойнайды. The Hollywood Reporter басылымының зерттеуі бойынша, барлық франшизаға қатысқан 142 автокөлік жөндеуге мүлдем келмейді екен. Ал 169 көлік қымбат жөндеуді талап етеді. Киноның жетінші бөлімінің түсірілімінде көп көлік зардап шеккен.
«Кухня. Соңғы шайқас» комедиясы екінші апталық айналымда 134 365 100 теңге көлемінде қаржы тапты. Фильмнің жаңа бөлімінің түсіріліміне актер Кирилл Ковбас қосылды. Ол үшін жоба үлкен киноға жасаған дебютті қадамы болды. Ал оның ғашығының рөлін жобаның тағы бір жаңа бейнесі - Анфиса Черных сомдады. Актриса бұрын «Географ глобус пропил» картинасына түскен. Анфиса бір сұхбатында бірінші рет сценарийдің қатты әсер еткенін айтқан еді.
Иран режиссері Маджид Маджидидің «Мұхаммед: Аллаһ Елшісі» кинотаспасы 43 990 600 теңге жинады. Мұхаммед пайғамбарымыздың өмірін баяндайтын фильмді ислам мемлекеттерінде жылы қабылдай қоймады. оның басты себебі, мұсылмандардың қасиетті кітабы Құранда пайғамбардың бейнесін салуға қатаң тыйым салынған. Сондықтан, картина Египет, Сауд Арабиясында, Шешен республикасында және т.б. мемлекеттерде айналымға шықпады. Режиссердің өзі киноны жасап шығаруға 10 жыл жұмсаған.

«Мұхаммед: Аллаһ Елшісі»
«Урфин Джюс және оның ағаш әскерлері» анимациялық фильмі ортақ кассаны 37 859 750 теңгеге толтырды. Жоба - Александр Волковтың ертегі-повестінің алғашқы толықметраджы экрандалуы. Бұрындары повесть «Изумрудты қала» мультфильмінің үш бөлімінде экрандалған болатын. Урфин Джюсті танымал актер Константин Хабенский, ал қайсар Эллиді Екатерина Гороховская, Темір отыншыны Валерий Соловьев, Арыстанды Валерий Кухарешин дыбыстады.
Тұсаукесерлі аптада «Тастанды Z қаласы» 37 469 650 теңге табыс тапты. Басында зерттеуші Перси Фоссеттің рөлін Бред Питтке, кейіннен Бенедикт Камбербэтчке берген. Алайда актер «Стрэндж дәрігер» фильміне түсуді ұйғарған. Ақыры, рөл Чарли Ханнэмге бұйырды. Картина түсіріліміне Том Холланд та атсалысты. Актерге түсірілім бойы жасанды мұрт тағып жүруіне тура келді, өйткені өзінікі дұрыс өсе қоймайды екен.
Өткен демалыс «Құпия агент» атыс-шабыс фильмі үшін тұсаукесерлі апта болды. Фильм 25 617 650 теңге жинап үлгерді. Фильм сценарийі 2008 жылы жазылып, жүзеге асырылмаған үздік жобалардың «Қара тізіміне» енген болатын. Түсірілім барысында көріністердің бірінде актриса Нуми Рапас мұрнын сындырып алады. Оны шынтақпен бетінен салып қалады. Бірақ, Рапас жарақатына қарамастан, түсірілімді жалғастыра берді. Ақыры, аурухана төсегінен бірақ шықты. Таспаны 2014 жылдың қарашасынан бастап, 2015 жылдың желтоқсан айына дейін түсірген.

«Тастанды Z қаласы» фильмінен көрініс
«Менің қызым – құбыжық» фантастикалық картинасының алғашқы жинағы 19 597 200 теңгеге тең. Түсірілім кезінде Энн Хэтэуэйдің аяғы ауыр болған, 15 апталық сәбиді көтеріп жүрген. Фильм түсірілімі Канаданың Ванкувер қаласында өтті. Ал тұсаукесері 2016 жылы күзде Торонтодағы кинофестивальде болды. Белгілі болғандай, жоба түсірушілерді «Toho» жапон компаниясы сотқа берген. Оған картинаның 2014 жылы жарыққа шыққан «Годзилла» фильміне ұқсастығы себеп болған.
Кассалық жинақ рейтингінің сегізінші орнын «Бір сен үшін» отандық мелодрамасы иеленді. Азамат Сатыбалдының продюсерлік дебюті 17 148 000 теңге пайда тапты. Продюсердің айтуынша, фильм идеясы үш жыл бұрын пайда болған. Алайда, фильм түсіріліміне тек 2016 жылдың қарашасында ғана кіріскен.
15 миллионнан төмен қаржы жинағандар: «Смурфиктер: Тастанды ауыл» мультфильмі - 13 572 00 теңге, «Наваждение» триллері - 8 102 900 теңге және «Уәде» драмасы - 4 541 250 теңге.
*Материал «Rentrak» және «Ticketon.kz» жүйелерінің мәліметтері арқылы дайындалды.
Қазақстанда «Rentrak» жүйесіне Chaplin Cinemas кинотеатрлар желісі қосылған.






пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін