Нұртас Адамбай «Мен – күйеу жігітпін» фильмінің бюджетін жариялады
Бүгін, 1 наурыз күні кинотеатрлардан Нұртас Адамбайдың «Мен – күйеу жігітпін» фильмі көрсетіле бастайды.
Фильм көктеммен ерекше байланысатын комедиялық жанрда түсірілген. Режиссер, продюсер әрі басты рөлді сомдаушы Нұртас Адамбайдың айтуынша, ол драмалар топтамасынан кейін көңілді таспа түсіргісі келген.
«Тараз» және «Жеделсаты» атты екі драма түсірілді, сондықтан жеңіл әрі көңілді дүниені қаладым. Сондықтан да, «Мен – күйеу жігітпін» фильмін түсіруді жөн санаған шығармыз. Бұл фильм кез-келген көрерменге арналған. Ешқандай сөкеттігі жоқ қарапайым отбасылық кино. Біздің кейіпкерлеріміз тіпті, сүйіспейді де», - деді режиссер.
«Мен – күйеу жігітпін» фильмінің кейіпкерлері – әріптестер Тимур мен Әлия. Әлия жақын күндері жігітін ата-анасымен таныстыруы керек. Бірақ, жігіт бастығының туған күнін маңыздырақ көріп, ғашығын ыңғайсыз жағдайға қалдырады. Әлия тығырықтан жол іздеп, Тимурды уақытша күйеу жігіті болуға көндіреді.
Тапқыр Әлияны Гүлнар Сильбаева сомдады. «Мен – күйеу жігітпін» фильмін санамағанда, актрисаның қоржынында «Сүт, қаймақ, қатық», «Гламур для дур» және «Махаббатпен» толық метрлеріндегі үш рөлі бар.
Нұртас Адамбай неліктен Гүлнарды таңдағанын түсіндіре кетті:
«Негізі, ол менен қарызға ақша алып, қалай қайтаратынын білмеді. Мен фильмге түсу арқылы өтесін деп ойладым. Әрине, бұл қалжың. Біз кастинг өткізіп, көптеген актрисаларды байқап көрдік. Ұзақ ойландық. Ақыры, таңдауымыз Гүлнар Сильбаеваға түсті. Ол – киномыздағы «жаттанды» бейне емес, дегенмен оны көпшілігі таниды әрі жақсы көреді. Ең бастысы – оның актерлік шеберлігі керемет».
Комедияға Санжар Мәди, Жанна Қуанышева, Алдабек Шалбаев және Данияр Алшынов түсті.
Картина 14 күннің ішінде түсірілді. Авторлардың айтуынша, бюджеті 50 миллион теңгеге жуық болған.
Сондай-ақ, Адамбай отандастарымызды қуантуға асықты. Оның Nurtas production компаниясы биылғы жылы 4 фильм түсіруді жоспарлап отыр.
3 пікір
Пікір қалдыру үшін
Maxim Bogomolov
2 наурыз 2018, 20:42нормально, не дорого!
Даник
3 наурыз 2018, 00:07Нұртастан тағы да жақсы кино күтеміз!
Мырзахмет
5 наурыз 2018, 01:29Да в этот раз бюджет немного мало. Но фильм интересный.