È

«Еуразия» ХКФ-і жайында қызықты 13 дерек

«Еуразия» ХКФ-і жайында қызықты 13 дерек. Қазақстан киносы

1. Алғаш рет «Еуразия» Халықаралық кинофестивалі кинематографистер Одағы қоғамдық бірлестігінің қолдауымен ТМД және Балтық елдерінің фильмдер форумы ретінде өткізілген.

Бастапқы жоспар бойынша, фестиваль көшпелі болуға, яғни, жылдан жылға ТМД елдерінің астанасының біріне көшіп отыруға тиісті еді. Кинофестивальдің ұраны - «Ортақ кинематографистік кеңістік үшін!» Алайда, бұл бастама өзге халықтардан қолдау таппағандықтан, бірінші және екінші кинофестиваль арасында жеті жыл үзіліс болған-ды.

2. Қырғыз киносының шебері, режиссер, суретші Ақтан Арым Құбат «Бешкемпір» кинокартинасымен тұңғыш кинофестивальдің Гран-при жүлдесін қанжығасына байлады. Режиссердің ұлы Мирлан Әбдіқалықов «Бешкемпір» фильмінде басты кейіпкерді сомдайды. Араға 17 жыл салып, ХІ Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің Бас жүлдесі Мирлан Ақтанұлының «Аспан қонысы» фильміне бұйырады.

Мирлан Ақтанұлының «Аспан қонысы» фильмінен кадр

3. «Еуразия» кинофестивалінің тарихында Бас жүлдеге жеті қазақстандық кинокартина ие болған:

• Үздік анимациялық фильм үшін Гран-при – «Айдаһар аралы», Қазақстан, реж. Ғани Қыстауов және Жәкен Дәненов (1998 ж.);

• Орталық Азия байқауы: Үздік фильм үшін Гран-при – «Дүние жарық», Қазақстан, реж. Жанабек Жетіруов (2006);

• Орталық Азия және түркі тілдес халықтарының байқауы: Үздік қысқаметрлі фильм үшін Гран-при – «Стриж», Қазақстан, реж. Абай Құлбай (2007 ж.);

• Үздік фильм үшін Гран-при – «Қош бол, Гүлсары!», Қазақстан, реж. Ардақ Әмірқұлов (2008 ж.);

• Үздік қысқаметрлі фильм үшін Гран-при – «113-ші!», Қазақстан, реж. Талғат Бектұрсынов (2008 ж.);

• Үздік фильм үшін Гран-при – «Көктемнің бірінші жаңбыры», Жапония-Қазақтан, режиссерлары - Сано Синдзю және Ерлан Нұрмұхамбетов (2011 ж.);

• Үздік қысқаметрлі фильм үшін Гран-при – «Таңғы шапағат нұры», Қазақстан, реж. Дархан Төлегенов (2016 ж.).

Үздік қысқаметрлі фильм үшін Гран-при номинациясының иегері Дархан Төлегенов пен атақты режиссер Дәріжан Өмірбаев. Фото: informburo.kz

4. 2005 жылы ІI Халықаралық «Еуразия» кинофестиваліне қонақтар ретінде Тео Ангелопулос, Жан-Клод Ван Дамм, Орнелла Мути, Франка Потенте, Микеле Плачидо, Питер Скарлет, Катрин Денев шақыртылды.

5. 2006 жылы «Еуразия» кинофестивалі продюсерлік қауымдастықтың Халықаралық одағында (FIAPF) тіркелу құрметіне ие болды. Бұл жерде бар болғаны 52 халықаралық кинофестиваль тіркелген.

6. 2008 жылы V Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі алғаш рет Астана қаласында өткізіліп, жас елорданың он жылдық мерейтойымен байланыстырылды.

7. 2011 жылдың басты оқиғасы - VII «Еуразия» ХКФ-де тұңғыш «Қазақстандық киножобалар нарығы» атты киногерлердің кәсіби алаңының ашылуы болды. Нәтижесінде жобаға қатысқан 65 сценарийден 8 жеңімпаз таңдалды. Солардың қатарында Әділхан Ержанов, Талғат Бектұрсынов, Әмір Байғазин бар.

VII «Еуразия» «Үздік режиссер» номинациясының жеңімпазы Әділхан Ержанов. Фото: informburo.kz

8. 2011 жылы Корей елінің белгілі режиссері Ким Ки Дук қазылар алқасының құрамына кірді.

9. VIII «Еуразия» ХКФ-нің қазылар алқасының шешімімен Бас жүлде берілмеді.

10. 2013 жылы ІХ Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің рәмізі салт атты шабандоздан Алматы қаласының белгісі болып есептелетін қанатты барысқа ауыстырылды.

11. X «Еуразия» ХКФ-нің басты ерекшелігі қазақ киносының көрнекті режиссері, актер, КСРО халық әртісі Шәкен Аймановтың 100 жылдық мерейтойымен қатар келуі болды. Шәкен Аймановтың туылған күні ресми түрде БҰҰ-ның естелік күндер мен оқиғалар күнтізбесінде белгіленген.

«Еуразия» Халықаралық кинофестивалінің директоры Рашид Нұғманов. Фото: informburo.kz

12. 2011 жылдан бастап «Еуразия» Халықаралық кинофестивалінің президенті ретінде Қазақстанның Халық әртісі, ҚазҰӨУ-нің ректоры Айман Мұсақожаева, ал директоры есебінде ҚР Ұлттық кинематографиялық өнер және ғылым академиясының президенті Рашид Нұғманов тағайындалды.

ХІІ «Еуразия» ХКФ-інде негізгі марапаттаулардан бөлек, тұңғыш рет «Тұлпар» жүлдесі берілді және де балалар байқау бағдарламасы ұйымдастырылды.

13. 2017 жылы ХІІІ Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі «Мәдениеттер байланысы» ұранымен Астана қаласында өтеді. 22-28 шілде аралығы елорда тұрғындары мен қонақтары үшін әсерлі кино мейрамы болмақ!

Айдана Бауыржанқызы

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Досхан Жолжақсынов

Актер