È

«Еуразия-2018»: Астанада XIV Халықаралық кинофестивалі басталды

«Еуразия-2018»: Астанада XIV Халықаралық кинофестивалі басталды

1 шілде күні Астанада XIV Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі ашылды. Фестивальдің алғашқы күні шетелдік кинематографшылармен болған баспасөз-конференциялармен, қызыл кілемшемен, жұлдызды қонақтармен және сербиялық музыкант әрі режиссер Эмир Кустурицаның концертімен есте қалды.

Күннің алғашқы жартысында Wyndham Garden Astana қонақ үйінде толық және қысқа метрді саралайтын халықаралық қазылар алқасымен, ресейлік актер Андрей Соколов пен француз актері Венсан Кассельмен кездесулер өтті. Сондай-ақ, «Еуразия» ХКФ президенті Айман Мұсақожаеваның, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлованың және 71-ші Канн кинофестивалінде «Үздік әйел рөлі» жүлдесін иеленген Самал Еслямованың қатысуымен баспасөз-конференциясы өтті.

Самал Еслямова
Самал Еслямова

Ашылу салтанаты «Қазақстан» концерт залында болды. Қызыл кілемшемен фестиваль қонақтары актер Венсан Кассель, кинорежиссер Эмир Кустурица, Халық әртісі Асанәлі Әшімов, актриса Самал Еслямова, ресей-поляк актері Милош Бикович, режиссерлар Ғазиз Насыров және Азат Хакиров, Нұржұман Ықтымбаев, Сатыбалды Нарымбетов, Ермек Тұрсынов, Әсел Сағатова, Айнұр Ілиясова, Асылхан Төлепов, Дина Тасболатова, сондай-ақ басқа да кино және театр жұлдыздары жүріп өтті. Сонымен қатар, қызыл кілемшеден ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Халық әртісі Айман Мұсақожаева және режиссер, ҚазҰӨА-ның «Кино және ТВ» кафедрасының меңгерушісі Ерлан Нұрмұхамбетов көрінді. Фестивальдің қонақтары мен қатысушыларын Артур Төлепов пен Гүлнар Сильбаева қарсы алды.

Ермек Тұрсынов
Ермек Тұрсынов

«Еуразия-2018» кинофестивалінің ашылуы кезінде актерлар Асанәлі Әшімов және Самал Еслямова «Отандық киноны дамытуға қосқан үлесі үшін» арнайы жүлделерін иеленді. Марапаттаудан кейін сербиялық музыкант әрі режиссер Эмир Кустурицаның және «The No Smoking Orchestra» тобының Қазақстандағы алғашқы концерті өтті.

Кеш соңында Қуат Ахметовтың «Әруақ» фильмінің тұсауы кесілді, бұл картинада басты рөлді Асанәлі Әшімұлы сомдаған.

Еске салсақ, негізгі байқау бағдарламасына 12 толықметражды және 35 қысқаметражды картина қатысуда. Ресми бағдарлама 8 бөлімнен тұрады, онда Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан, Түркия, Әзербайжан және Ресей елдерінің фильмдері таныстырылады.

 

 

 

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Ақан Сатаев

Режиссер