È

Ресейлік «Жаттықтырушы» фильмі демалыс күндері көш бастады

19-22 сәуір аралығындағы кассалық жинақ

19-22 сәуір аралығында отандық айналымға ресейлік «Жаттықтырушы» фильмі, француздық «Такси 5» комедиясы және американдық «Құбыжықтар апаны» триллері шықты. Киноны ұнататындарға қандай жаңа фильмдер ұнағанын және Қазақстандағы кассалық жинақ рейтингісін төменнен оқи аласыздар.

Ресейлік «Жаттықтырушы» фильмі айналымда 67 986 200 теңге жинады. Фильм актер Данила Козловскийдің режиссерлік дебюті. Ол алғашқыда жобаның продюсері әрі актері ретінде жұмыс істемек болды. Дегенмен Козловский режиссер ретінде жұмыс істеп, қосалқы автор болды. Сондай-ақ, сценариймен Андрей Золоторёв және Сергей Четверухин жұмыс істеді.

«Рэмпейдж» атыс-шабыс шытырман фильмі екінші демалыс аптасында 36 340 800 теңге жинады. Картина Дуэйн Джонсонның режиссер Брэд Пейтонмен үшінші ортақ жұмысы. Актер оның «Саяхат 2: Жұмбақ арал» (2012) және «Сан-Андреастың күйреуі» (2015) секілді фильмдеріне түскен болатын.

 «Такси 5» фильмінен көрініс
«Такси 5» фильмінен көрініс

Француздық «Такси 5» комедиясы 32 201 400 теңге жинады. «Такси» кинофраншизасының бесінші бөлімінің түсірілімі жайлы 2016 жылы хабарланған болатын. Фильмнің өндірісімен Europa Corp студиясы айналысты. Режиссер ретінде Франк Гастамбид жұмыс істеді, ал өткен бөлімдердің кейіпкерлерінен фильмді түсірушілер комиссар Жиберді (Бернар Фарси) ғана қалдырған. Комедияның Қазақстандағы көрсетілімі «Бүгінгі француз киносы» фестивалінің аясында өтті.

«Алғашқы ойыншы дайындалсын» кинофантастикасының қарқыны төмендеді. Фильм 7 593 600 теңге жинады. Картинаның композиторы ретінде бұрын да Стивен Спилбергпен жұмыс істеген Джон Уильямс айналысуы керек болған. Дегенмен Уильямс басқа жобамен айналып жатқандықтан жобадан бас тартты. Ақыры соңында «Алғашқы ойыншы дайындалсын» фильміне әуенді Алан Сильвестри («Форест Гамп», «Келешекке оралу») жазды.

«Тыныш мекен» триллерінің жинағы 6 307 200 теңгені құрады. Фильм есту қабілеті нашар актриса Милли Симмондстің кинодағы екінші тәжірибесі. Оның дебюттік жұмысы 2017 жылғы Тодд Хейнстің «Ғажайыпқа толы өмір» детективті драмасы болды. Актриса Джулианна Мурмен және Мишель Уильямспен бірге жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болды.

Американдық триллер «Құбыжықтар апаны» 5 403 800 теңге жинады. 2013 жылы Дин Девлиннің Electric Entertainment студиясы Брэндон Бойстың сценарийін сатып алып, режиссерлікті жаңадан бастап келе жатқан қоюшы Марк Роскинге сеніп тапсыруды жоспарлаған болатын. Кейінірек, 2016 жылы Дин Девлин картинаның режиссері ретінде өзі жұмыс істеді.

 «Тыныш мекен» фильмінен көрініс
«Тыныш мекен» фильмінен көрініс

«Қауіпті кәсіп» атыс-шабыс фильмінің алғашқы жинағы 5 258 100 теңгені құрады. Актер әрі сценарист Нэш Эдгертон үшін бұл үлкен кинодағы режиссерлік дебют болды. Оның қоржынында 10 шақты қысқаметражды картиналар бар, оған Шарлиз Терон, Тайка Вайтити, Боб Дилан және Джоэл Эдгертон қатысқан болатын.

«Леонардо: Мона Лизаның тапсырмасы» мультфильмі 5 209 195 теңге жинады. Таспа режиссері Серджо Манфио бұдан бұрын «Леонардо» анимациялық хикаясына қатысқан болатын. Сондай-ақ, Манфионың «Аңдар құрамасы. Марко Поло жинағы», «Аңдар құрамасы» толықметражды мультфильмдері және «Аңдар» хикаясы да бар.

5 миллионнан аз қаржы жинаған кинотаспалар: «Гоголь. Вий» - 4 154 266 теңге, «Ғажайып құстар» - 2 851 173 теңге және «Питер қоян» - 2 041 060 теңге.

Көрерменді назарын аудара алмаған жаңа картиналар - «Зомбидің үшінші толқыны» - 1 917 438 теңге және «Үздік ұстаз 3» - 1 878 991 теңге жинады.

*Материал Meloman Entertainment компаниясы мен Ticketon.kz мәліметтері бойынша дайындалды.

 

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Ахат Ибраев

Режиссер

Әлішер Хайыров

Актер

Қуан Ликеров

Актер