È

Қазақстандағы жинақ бойынша «Су қалыбы» «Өрлеуді» басып оза алмады

18-21 қаңтар аралығындағы кассалық жинақ

2018 жылдың үшінші демалысы түрлі кино жаңалықтарға толы болды. Көрермендерге Гильермо дель Тороның «Су қалыбы» фантастикалық мелодрамасы, көптен күткен «Астрал 4: Соңғы кілт» хорроры және Уинстон Черчилл туралы «Зұлмат кезеңдер» өмірбаяндық таспасы ұсынылды. Қазақстандықтар қандай фильмдерге барды екен? Бұл туралы толығырақ Қазақстандағы кассалық жинаққа арналған материалымыздан оқи аласыздар.

«Өрлеу» ресейлік драмасы айналымда әлі де үздік болуда. Картина екінші демалыста 98 280 400 теңге жинады. Фильм сценарийіне «№17 аңыз» (2012) және «Экипаж» (2016) скриптімен жұмыс істеген Николай Куликов атсалысты. КСРО мен АҚШ арасындағы тарихи жарыстың қатысушысы Иван Едешко түсірілім кеңесшісі ретінде танылды.

«Астрал 4. Соңғы кілт» 74 439 661 теңге көлемінде пайда тапты. Картина режиссері Адам Робител болды, ол «Дебора Логан жындары» және «Біртүрлі жағдайлар 5: 3D елестері» сынды қорқынышты фильмдерді түсірген. Сценарий авторы әрі рөлдердің бірін сомдаушы франшизаның идеясын ойлап тапқан Ли Уоннелл болды. Төртінші бөлімнің бюджеті 10 миллион долларды құрады.

«Су қалыбы» фильмінен көрініс
«Су қалыбы» фильмінен көрініс

«Су қалыбы» 77 585 750 теңге жинады. Картина жұмысы 2011 жылы басталған болатын. Алайда, Гильермо дель Торо «Тынық мұхиты кезеңі» үшін жобаны кейінге қалдырады. Гильермо дель Торо Салли Хокинспен алғаш рет 2014 жылы «Алтын Глобуста» кездескен, сол кезде ол актрисаға «Су қалыбына» түсуге ұсыныс жасаған. Фильм түсірілімі 2016 жылы тамызда басталып, 12 аптаға созылды. Авторлар түсірілімге 19 миллион доллар жұмсаған.

«Зұлмат кезеңдер» өмірбаяндық таспасының алғашқы жинағы 64 703 300 теңгені құрады. Режиссерлік орынға Джо Райт («Өтеу», «Тәкаппарлық пен жалған сенім») жайғасты. Драматург ретінде жобаға «Стивен Хокинг әлемі» сценарийін жазған Энтони МакКартен шақырылды. «Зұлмат кезеңдер» фильмінің өндірісіне 40 миллион доллардан астам қаржы жұмсалды.

«Скиф» шытырман оқиғалы драмасы 57 510 432 теңге жинады. Бұл - режиссер әрі актер Рустам Мосафирдің екінші толықметражды картинасы. Оның алғашқы фильмі 2014 жылы «Қашқындар» деген атпен шыққан. Таспа 2016 жылдың күзінде Крымда түсірілді. «Скиф» бюджеті 150 миллион рубльге тең.

«Скиф» фильмінен көрініс
«Скиф» фильмінен көрініс

«Әйгілі шоумен» мюзиклі 49 022 600 теңгеге ие болды. Зак Эфрон үшін фильм үшінші мюзикл болып табылады. Ол бұрын «Керемет мюзикл» және «Шашқа арналған лак» трилогиясына түскен. Аталмыш жанрдағы тәжірибесіне қарамастан, актер «Әйгілі шоумендегі» хореографияны бұрын-соңды көрмегенін айтты. Картина түсіріліміне авторлар 84 миллион доллар жұмсаған.

«Джуманджи. Орман шақырады» фильмі бесінші апта айналымда жүр. Кинотаспа өткен демалыста 15 844 577 теңге жинаған. Бастапқыда жобаның композиторы «Фантастикалық мақұлықтар және олардың мекендейтін жерлері» және «Малефисента» картиналарының музыкасын жазған Джеймс Ньютон Ховард болуы тиіс еді. Алайда, кейін оның орнына «Kingsman: Алтын сақина» және «Конг: Қаңқалар аралы» фильмдерінің композиторы Генри Джекман келді.

«Қазақша кәсіп Америкада» комедиясы 14 107 500 теңге жинады. Картина сценарийін Сәбит Рахымбаев пен Әуез Әуезов жазған. Айта кету керек, авторлар бірінші рет бірге жұмыс істеп отырған жоқ. Олардың алдыңғы біріккен жобалары – «Абайлаңыз, сиыр!», «Гламур для дур», «Келін де адам баласы» және «Қазаққа ғашық болмаудың 5 себебі».

«Джуманджи. Орман шақырады» фильмінен көрініс
«Джуманджи. Орман шақырады» фильмінен көрініс

«Үлкен ойын» өмірбаяндық драмасы 8 746 800 теңге көлемінде пайда тапты. Идрис Эльба мен Джессика Честейн үшін фильм түсірілімі қиынға соққан. Жұмыс кестесінің тұрақсыздығынан актерлар біріккен көріністерді 10 күннің ішінде түсіріп бітірген. Олардың дайындыққа уақыттары болмады, сондықтан дубль арасында көріністерін ойнаған.

5 миллионнан төмен жинағандар: «Паддингтон хикаялары 2» - 4 615 500 теңге, «Фердинанд» - 3 559 800 теңге, «Барлығы енді басталады» - 3 162 600 теңге.

«Үш батыр мен Египет ханшайымы» мультфильмі ақырындап айналымнан шығып барады. Картина төртінші аптада 2 542 631 теңге жинаған, ал айналым уақытындағы жинағы 86 781 186 теңгені құрайды.

 

*Материал Meloman Entertainment және Comscore мен Ticketon.kz компанияларының мәліметтері бойынша дайындалған.

Қазақстанда Comscore жүйесіне Chaplin Cinemas, Star Cinema және Арсенал кинотеатрлар желісі қосылған.

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Әділет Әбдірәсіл

Актер

Әсет Әбдірәсіл

Актер

Ахат Ибраев

Режиссер