«Хабар» телеарнасында күзгі маусым басталады
«Хабар» телеарнасында жаңа күзгі маусым басталады. Халыққа отандық жаңа хикаялар көрсетіледі. Олар - барлық жастағы көрермендерге арналған «Қария», «Абзал жан», «Мезгілсіз махаббат» және «Тергеушілер» хикаялары.
12 бөлімнен тұратын «Қария» таспасы әке мен бала арасындағы қарым-қатынасты баяндайды. Ербол есімді жігіт әкесі Әбілғазыны қарттар үйіне өткізуді жөн көреді. Қарт мекеме басшылығы тарапынан көптеген қиындықтарға душар болады. Оқиға шынайы өмірден алынған.
Хикая драмалық және қайғылы көріністерге толы, көрермендер ерекше әсер алары анық. Көпсериялы таспадағы басты рөлдерді Бауыржан Қаптағай, Әсет Иманғалиев, Камалия Байтілеуова, Айқын Төлепбергенов сомдайды.
«Абзал жан» хикаясы «Бірінші арнадан» көрсетілген «Женский доктор» ресей-украиналық хикаяның бейімдеуі болып табылады. Драма дәрігер Абзал Смағұлов туралы. Ер азамат өз өміріндегі қиындықтарға қарамастан, емделушілерге әрдайым көмек көрсетеді. Барлығы 32 бөлім жоспарланған. Көпсериялы картинада Қажымұқан Қалымбетов, Ақмарал Дайрабаева, Ербол Садырбаев және Қазбек Аташ ойнайды.
Телеарнаның келесі жаңалығы - «Мезгілсіз махаббат». Комедияда ересек жандар махаббаттың барлық жаста да орын алатынын көрсетеді. Көрермендер 14 бөлімді тамашалай алады, әр бөлімнің хронометражы 25 минуттан тұрады. Хикая - отбасылық көрсетілімге арналған комедия. Телехикаяның режиссері - Әнуар Матжанов.
«Тергеушілер» хикаясының түсірілімінен көрініс
Ал атыс-шабыс фильмдерін, қылмыстық оқиғаларды, тергеуді жақсы көретіндер «Тергеушілер» хикаясын көрсе болады. Детектив неміс франшизасының бейімдеуі болып келеді. Жоба Германияда 10 жыл бойы көрсетіліп келеді. Көпсериялы таспа қазақстандық тәртіп қорғаушылардың күнделікті өмірін баяндайды. Хикаядағы негізгі рөлдерді Гүлшарат Жұбаева, Азамат Шарғынов, Ербол Садырбаев, Нияз Шайсұлтанов және Гүлбахрам Байбосынова сомдайды.
«Хабар» арнасы қызықты әрі әсерлі жобаларымен таң қалдыруды жалғастырып келеді, алдағы маусымдарда көрермендерді не күтіп тұрғаны әзірге жұмбақ болып тұр.
пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін