È

Ахат Ибраев: «Өзгерістерден қорқудың қажеті жоқ»

Ахат Ибраев: «Өзгерістерден қорқудың қажеті жоқ»

Бір апта бұрын «Бродвей» сайтында Қазақстан кинематографшылар одағының қазіргі төрағасы Ахат Ибраевқа өз наразылығын білдірген продюсер Қанат Төребайдың «сенімсіздік нотасы» жарияланған болатын. Сонымен қатар, құрамында алдыңғы қатарлы кинотанушылар, ұстаздар, FIPRESSI және NETPAK сынды белді халықаралық ұйымдарының қазылар алқасының мүшелері, журналистер мен сыншылары бар Қазақстан киносыншылар қауымдастығының рөлі де жағымсыз жағынан сипатталды.

Төребай мырзаның Қауымдастыққа (жасыратын несі бар, маған да қырын қарауы) деген сенімсіздігін көптен бері білеміз. Дегенмен, біз әріптестерімізбен бірге, ештеңеге қарамастан, ол продюсерлік еткен «Жат» картинасына (қоюшы-суретшінің үздік жұмысы мен екінші қатардағы үздік әйел рөлі үшін) жүлде тапсырдық. Жалпы, бұл мәтінде продюсер мен Қауымдастықтың арасындағы қарым-қатынасты қозғамаймыз, ол ұйымның пікірімен келіспесе де болады, бұл оның заңды құқығы. Одақ төрағасына қатысты айтылған жағымсыз пікірлерге назар аударайық. Мүмкін, қазіргі төраға шынымен де Кино үйін саунаға айналдырып, Одақты құрдымға кетіріп жатқан шығар? Төребайдың пікірін біз жақсы білеміз, сондықтан А. Ибраевқа осыған жауап беруін ұсындым. Тармақ бойынша тоқталайық.


1) Қанат Төребай: «Қалайша, көпшіліктің дауысы басқаға беріледі де, соңында басқа адам төраға болады? Тәуекел қызметінен кетсе, оның жинаған дауыстары «мұрагерлік» жолмен келесі үміткерге беріле ме? Кім оған рұқсат беріпті? Бұл заңды ма? Екіншіден, жарғыға ақыры түзетулер енгізілмеді, дәлірек айтқанда, қос төрағаның болуы мүмкін емес, егер біреуі кетсе, екіншісі автоматты түрде өз міндетін ғана орындайды. Жарғыда басқа дүние жазылған, ал іске келгенде, басқа міндеттер орындалып жүр».

Ахат Ибраев:

Қанат Төребай деректерді бұрмалап отыр. Сламбек Тәуекел Одақ төрағасы болып сайланған емес. Ол үшін кворумнан үштен екі дауысқа ие болу қажет, бірақ үміткерлердің ешқайсысы оған ие бола алмады. КО барлық мүшелері бұған қапаланды, себебі нәтижелерді жариялауға съездің 10 сағаты жұмсалды, 3 айдың ішінде бұл екінші съезд (біріншісі болған жоқ) болғандықтан, ешкімнің қайта жиналғысы келмеді, сол кезде режиссер Әмір Қарақұлов микрофонға жақындап, Тәуекел екеуімізге тең төраға болуымызды ұсынды, өйткені біз 44 және 41 дауысқа ие болдық. Бастапқыда осылай болған. Егер мен сол кезде бас тартсам, басқа съезд өткізу керек болатын еді. Сондықтан, бұл сөздер мен деректердің бұрмалануы дер едім.

Сламбек Тәуекел өз өкілеттілігінен босаған соң, мені жалғыз төраға ретінде қалдыруға қатысты ұсыныс білдірді. Одақ басқармасы бір ауыздан Тәуекел мырзаның ұсынысын қабылдады да, Одақтың кезекті съезін өткізбеуді ұйғарды. Басқарма мүшелері кворумының қолдары қойылған хаттаманың көшірмесі қолымда бар.

Расында да жарғыға, тең төрағаға қатысты өзгертулер енгізілген жоқ, себебі Сламбек Төлеуғабылұлымен бірге алғашқы жарты жылдықты Одақтағы мәселелерді шешуге, аудитке, демеушілерді тауып, қарыздарды төлеудің жолдарын қарастыруға бағыттадық. Сол кезде аталған мәселелер біз үшін маңыздырақ болды. Содан кейін, ол тең төраға құқығынан бас тартты, жарғыға өзгертулер енгізудің еш мәні болмады.

Төребай айтқан ревизиялық комиссия шығарған қарыздарға тоқталсақ. Бұл қарыздар алдыңғы төрағадан қалған, ал оны мен жабуым керек болды. Алғашқы жиналыста қарыздардың неліктен әлі жабылмағанын түсіндірдім. Себебі, КО-ны ешкім қаржыландырмайды, ал Кино үйінің бұрынғы жалға алушысы он ай бойы жалдау төлемін төлеген жоқ. Тура бір айдан кейін жаңа жалгерді таптым, ол барлық шығынды жапты. Сондықтан, бұл Қанаттың ойдан шығарған тағы бір дүниесі. Оның айтуынша, мен Одақта түрлі мәселелер туындатқан екенмін, бірақ мен оларды туындатқан жоқпын, керісінше қалған жағдайды реттеуге тырыстым.


2) Қанат Төребай: «Ол Кино үйіне күрделі жөндеу жүргізіп жатқан жаңа жалгерді тапқан шығар. Дегенмен, жарғыда кез-келген интерьердің өзгертілуі, күрделі жөндеу құрамына 21 адам енген Басқармамен бекітілуі тиіс екені жазылған. Бірақ, Басқарма отырысында, 20 желтоқсанда «Қалайша жеке өзің шешім қабылдадың?» деген сұраққа, Ахат Ибраев былай деп жауап берген: «Осылайша бар жауапкершілікті бірауыздан өз мойныма алдым».

Ахат Ибраев:

Иә, ол дұрыс айтады. Мен Кино үйінің күрделі жөндеуін басқармамен бекіткен жоқпын. Оның себебін түсіндіре кетейін. Мен жаңа желгерді тапқан кезде, ол Кино үйінің ғимаратын барлық техникалық және инженерлік талаптарымен қоса қабылдауы тиіс еді. Ол үшін 1971 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан ғимаратты зерттеп, бізге дейін ешкім бұзбаған қабырғаларды бұздық. Қабырғаларды бұзған соң, оралып қалған тоқтарды және қабырға бойымен ағып тұрған суды байқадық. Әрі қарай әрекет ете бердік, кейін дәретхана қалдығы арқылы көршілерімізді суға батырып жатқанымызды білдік, жертөле де шатырдан аққан суға белшене батып жатыр, екінші қабатты ұстап тұрған бағаналар мен тіреуіштер апаттық жағдайда тұр, олар кез-келген уақытта қирап қалуы мүмкін еді. Шатырдан су ағып, электр тоқтарына тамып тұрды. Ғимараттан суық жел есіп тұрды. Энергожелі, кәріз жүйесі, сумен жабдықтау – барлығы ауыстырылуы тиіс болды. Инженерлік жүйелер де толығымен күрделі жөндеуді талап етті. 46 жыл ішінде ғимараттың әбден тозығы жеткен.

Мен және басқарманың көпшілігі қазіргі таңда шешім қабылдауға қатысты олқылықты көріп тұрғанымыз жоқ. Орын алған жағдайға байланысты, күрделі жөндеу жұмыстарын өз мойныма алуым қажет болды. Барлығын жинап, дизайнын салып отыруға уақыт болмады, күрделі жөндеуді еріккеннен жасағанымыз жоқ, апаттық жағдайдың алдын алу үшін ғимаратты жөндедік.

Қанат Төребай өз мақаласында ұсынған дизайн – жалгердің асығыс жасаған үлгісі, ол алдында тұрған мәселелерді білмеген болатын., Жұмыс барысында орын алған қиындықтарды өз көзімен көрген соң, қазір оның пікірі өзгерген. Жалға алушы дерек бойынша Кино үйінің косметикалық жөндеуіне ғана ақша саламын деп жоспарлады, бірақ бүкіл ғимараттың күрделі жөндеуіне 250 мың долларға жуық қаржы жұмсады, алайда бұл барлық шығын емес, ол әлі ғимараттың алдыңғы бөлігін жөнге келтіріп, фильмдер көрсетілімі үшін техникалық құрылғыларды орнатуы қажет.

Ендігі кезекте жалға алушының күрделі жөндеуден кейінгі жоспарын атап өтейік. Осы тұста мынадай маңызды дүниені айта кеткім келеді: Кино үйінің ғимаратында ешқандай да сауна, түнгі клуб немесе жын-ойнақ орталығы болмайды. Қанат «бордельеро» сөзін қолданған еді. Біз барлығымыз Шукшинды оқыдық, бұл жағдайда мұндай сөздер қолданбауы тиіс, себебі ондай дүние маған таңсық. Мен күндізгі уақытта ғимараттың ішінде семинарларды, кинокөрсетілімдер мен шеберлік сыныптарын, көптеген мәдени шараларды өткізуді жоспарлап отырмын. Жалдау төлемін төлеу үшін, Кино үйін жалға алушылар 2-3 аптада бір рет ретро-музыка концерттерін өткізеді. Бұл шаралардың қонақтары билегілері келетін шығар, ал ол КО мүшелеріне ұнамауы мүмкін. Бірақ шындыққа тура қарайықшы, осы уақытқа дейін бұл ғимаратта тәртіп пен ғибраттан ада күмәнді шаралар өткізіліп жүрді емес пе?

Ғимараттың алдыңғы бөлігі де өзгеріске ұшырамақ, есік алдында «Кино үйі» деген жазу пайда болады. Болды. Осы уақытқа дейін Kings club баннері ілініп келген, әлі де ілініп тұр. Оны алып тастап, фильмдер көрсетілетін LED панель орнатамыз. Барлығы сатып алынды, бірақ көктемді күтіп отырмын, өйткені қораптарды пісіру қажет. Фасадқа қатысты жұмыстар – мемлекеттік органдардың талаптарына сай үлгілерді дайындаудамыз.

Одан бөлек, қазіргі таңда ғимараттың ішкі жағын жылумен әрі шуды бәсеңдететін, ауа өткізбейтін құрылғымен қамтамасыз еттік. Ауа жіберу құрылғысы – тазалау-жылыту-мұздату-ауаны иондау орнатылды. Біз шатырды екі қабаттадық, өрт жағдайында шығатын есіктерді жөнге келтірдік, даладан суық ауа өткізетін үлкен саңылауларды бітедік. Күзет бақылауы, бейнебақылау орнатылды, үлкен және кіші залдарға арналған фильмдер көрсететін LED дисплейлерді сатып алдық.

Фойеде кинокөрсетілім алдында адамдар жиналатын орындар мен шәй, кофе берілетін бар орнатылды. Жиһаздар сатып алынып, дайындалды. Дәретханалар жөнделіп, ерлер мен әйелдер болып, екіге бөлінді. Күзетке, әкімші мен гардеробқа арналған кабиналар қойылды.

Қазір күрделі жөндеу жүргізіліп жатқандықтан, жалгер екеуіміз бір бөлмеде отырмыз, басқа кабинеттеріміз кинокөрсетілімдер мен фестивальдер өткізуге бағытталған сандық құрылғылармен толығып тұр. Жөндеу аяқталған соң, бөлмелеріміз КО қызметкерлеріне босатылады. Уақытша ыңғайсыз жағдайлар мен себептер орынды.


3) Қанат Төребай: «Марапатталған адамдар туралы жаман сөз айта алмаймын, көпшілігін танымаймын да, бірақ «қазақ киносына қосқан үлесі үшін» «Кино» дәмханасының директорын марапаттау орынсыз. Мұндай шешімді кім қабылдады? Кімдермен ақылдасып шешілген дүние? Шешімді шығарған басқарма ма, әлде басқа адам ба? Әлде бұл басқарма төрағасы Ахат Ибраевтың жеке шешімі ме? Егер шешім шүбәсіз болса, оған қарсылығым болмас еді. Бірақ: «Мен қаржыны, демеушілерді таптым, кімді марапаттау керектігін өзім шешемін» сынды желеу болса, онда өз атынан марапаттасын. Оны неге Одақтың атынан ұсынған?»

Ахат Ибраев:

2016 жылы күзде мен өткізген «Қазақ киносы күндері» шарасы туралы айтайын. Оны өткізу шешімін өзім қабылдадым. Сол үшін достарымнан қаржы сұрап, шараны өткізуге көмек берулерін өтіндім.

Бұл не үшін өткізілді әрі біз кімдерді марапаттадық? Мен Қазақ киносы күндерін өткізіп, 50-ден астам адамды (соның ішінде, сол жылдың мерейтой иелері бар) «Қазақстан кино өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін» деген жазуы бар естелік кәдесыйлармен марапаттауды ұйғардым, осылайша үлкен мен жас буын кинематографшылардың ғана емес, кино мектебін, қазақ киносы жайлы жазатын журналистердің және Қазақстан кинематографына өз үлестерін қосып жүрген, бірақ КО мүшелігіне кірмейтін басқа да адамдардың жұмысын атап өткім келді. Мақсатым - Одақтың отандық кино элитасының жабық клубы емес екенін көрсету. Осылайша, солардың жұмыстарын елейтінімізді, Қазақстандағы киноны дамытуға кімдердің атсалысып жатқандығын бақылап тұратынымызды дәлелдегім келді. Сондай-ақ, естелік кәдесыйлар – мемлекеттік сыйлықтар емес. Бұл кәдесыйларды шын жүрегіммен сыйға тарттым.

«Кино» дәмханасының иесі Данияр Ибрагимов жайлы жеке тоқталайын. Мүмкін, Төребай мырза Даниярдың теле және кино жобаларға продюсерлік ететін кинематографшы екенін білмейтін шығар. Ол осы күзде өзінің алғашқы толықметражды жобасын айналымға шығармақ. Ал «Кино» дәмханасы – жәй ғана кабак емес. Бұл жас кинематографшылар мен Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА студенттері (академия дәмханаға жақын орналасқан) жиналатын орын. Данияр оларға тегін кинозал ұсынып отыр, сол жақта бір-біріне өздерінің жұмыстарын көрсетіп, тақылай алады. «Кинода» «Еуразия» кинофестиваліне қатысқан фильмдер көрсетілді, түрлі дәрістер оықылып, кино жайлы айтылады. Жалпы, ол бұрын Кино үйі орындаған міндеттерді өз мойнына алып отыр. Сондықтан, қандай наразылықтар болуы мүмкін? Ибрагимов Одақ марапатына лайықты емес пе? Сонда кім лайықты?

Мен сол кеште марапатталған жас кинематографшылар мен мерейтой иелерінен тұратын 50-ден астам адамның тізімін қосайын. Әр берілген жүлдеге жеке өзім жауап беремін. Төребай мырза солардың Одақ марапатына лайықты емес екендігін дәлелдеп көрсін.


4) Қанат Төребай: «Басқарманың жазғы отырысында Ахат кино заңын дамытуды басты міндеті санағанын, сондықтан марапаттар мен белгілерге назар аударуға уақытының болмағанын алға тартты. Жақсы, Құдай үшін, барлығы орнымен болса, бізге де жақсы ғой. Бірақ, бұл қандай кино туралы заң? Ол кино туралы қай заңды дамытумен айналысуда? Ол мұны әріптестерімен съезде талқылады ма? Әлде басқарма онымен танысып, өз ұсыныстарын енгізді ме? Басқарма мүшелері: «Иә, Ахат, бұл бізге керек заң. Барлығын тастап, дамытумен айналыс» деді ме? Сондай жағдай болды ма? Болған жоқ. Онда неге ол «кино туралы заңды дамытумен айланысып жатырмын» деп айтады? Әрине, бұл жақсы бастама, бірақ жақсылық жасаудың қажеті жоқ. Біз ол заңда не жазылғанын нақты білмейміз».

Ахат Ибраев:

Ол заңгер ретінде бұл сұрақтардың жауабын білуі тиіс.

Біріншіден, кино туралы заңға қатысты бастама – жекеменшік емес. Жекеменшік те бола алмайды, себебі Қазақстан Республикасының Үкіметі бастамашы болып табылады. ҚР кинематографшылар Одағы, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ киностудиясы және басқа да қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдар, режиссерлар мен продюсерлер, айналымшылар мен таратушылар – барлығы 2016 және 2017 жылдар бойы заң жобасын талқылауға қатысты, заңның біздің қызығушылығымызға сай болуына барлығы атсалысты.

Екіншіден, Мәжілістегі заң жобасына қатысты жұмыстар тобына Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен заңды тұлғалар – жалпы, 31 адам араласты. Аталған қызмет тобы жақында ғана «Қазақфильм» киностудиясының аумағында кинематографшылармен кездесу өткізді, ол жақта осыған қатысты пікірлер мен жұмыс барысы талқыланды. Осыған дейін, 2017 жылдың 26 желтоқсанында кинематографшылар Парламент Мәжілісіне шақырылды, депутаттар заң жобасын ұсынды.

Үшіншіден, 2016-2017 ж.ж. аралығында 50-ге жуық дөңгелек үстел өткізілді, кино туралы заң мен заң жобасы талқыланды. Гуглға «Қазақстандағы кино туралы заң» деп енгізсеңіз, барлық талқылаудың ашық түрде өткізілгенін көре аласыздар. Кинематография туралы заң жобасы мемлекеттік органдар сайтында тұр, оп-оңай қарап шығуға болады. Бұл жазба және бейне форматтағы БАҚ мақалаларын санамағанда... Мамандығы заңгер болып келетін Қанат Төребай «Қазақфильммен» және Мәдениет министрлігімен тығыз байланыста, сондықтан заң жобасымен қай жерде жақынырақ танысуға болатынын жақсы біледі.

Әрине, заң жобасы Одақта да талқыланды. 2016 жылы жазда Сламбек Тәуекел екеуіміз Кино үйінде басқармалардың басын қосып, заң жобасының мәтініне қатысты пікірлерін және кинематографшылар Одағы басқармасы мен хатшылықтың ұсыныстарын тыңдадық. Қанат Төребай бұл жиынға қатыса алмады, себебі басқарма мүшелігіне кірмейді, ол ревизия комиссиясының мүшесі болғандықтан, біздің басқармамен қанша рет жиналып, нені талқыға салғанымызды біле бермейді.

Кинематографшылар одағы қарыздарынан құтылды. Кино үйінің жөндеуі де аяқталуға жақын, бұйыртса ұзақ жылдар бойы өз міндетін дұрыстап атқара алмаған ғимарат Қазақстан кинематографшылар қоғамына есігін айқара ашпақ. Парламентте барлық кинематографшылар армандаған ҚР «Кинематография туралы» заң жобасы қызу талқылануда, ол жақта саламыздың мемлекетпен қарым-қатынасы тәптіштеп жазылған. Елімізде алғаш рет Қазақ киносы күні өтті, сол кезде кинематографшылар өздерін біртұтас қоғам мен шығармашылық ұжым ретінде сезіне алды, олар алдарында тұрған міндеттерді жақсы біледі әрі Қазақстан мәдениетіне ерен еңбектерін сіңіруге тырысуда. Қазақстан киносыншылар қауымдастығының «Сыншылар таңдауы – 2017» атты 100% жүлдесі өткізіліп, қолдауға ие болды. Мен бұл жүлдені әрі қарай да қолдай бермекпін.

Менің ойымша, кейбір әріптестеріміздің арасында, әсіресе Кинематографшылар одағына қатысты қалыптасқан дәстүрлерді – жүйелі наразылықтар мен БАҚ арқылы төнуді – өткенге қалдыру керек. Біз әр қадам сайын Одақтан кәсіби мекеме жасаймыз, бізді ешкім тоқтата алмайды. Съезд 24 ақпан күні Жамбыл атындағы Филармония ғимаратында (ғимаратымызда әлі де күрделі жөндеу жүріп жатқанына байланысты) өтеді. ҚР кинематографшылар Одағы мүшелерін, мүшелігіне кірмейтіндерді – барлығын съезге қатысуға әрі өзгерістерден қорықпауға шақырамын.

2016 жылы Кино күнінде марапатталған мерейтой иелерінің тізімі (көпшілігі келе алмады):

1. Әбдірахманов Әбдірашид

2. Әбенов Қалдыбай Торғайұлы

3. Бегалин Қасым Сапарғалиұлы

4. Ғабдуллин Саин Ғұмарұлы

5. Оспанова Раушан Омарғазықызы

6. Сүлейменов Олжас Омарұлы

7. Әбдірайымов Фархат Нұрсұлтанұлы

8. Досхан Жолжақсынов

9. Нұржұман Ықтымбаев

10. Кәрбозов Мейірім Бейсембайұлы

11. Сатаев Ақан

12. Шәріпова Зәмзагүл Нүсіпбайқызы

13. Шәріп Болат Шәріпұлы

14. Головинский Александр Федорович

15. Ройтман Геннадий Львович

16. Сон Лаврентий Дядюнович

17. Нұғыманов Мұрат Сапарұлы

18. Нарымбетов Сатыбалды

19. Резников Юрий Израйлевич

20. Манабай Дамир Қабекеұлы

21. Қолдауова Ұлжан Қолдауқызы

22. Болсанбек Күләш Сәкенқызы

23. Өтеулінов Есболған Ешмұхаметұлы

24. Лаврик Нина Алексеевна

25. Нұрлан Санжар

26. Өтекешева Меруерт

27. Тұрсынов Ермек

28. Жанат (Жан) Байжанбаев

29. Байкенже Белбаев

Барлығы : 29 адам

«Қазақ киносын дамытуға қосқан үлесі үшін» марапатталған кинематографшылар тізімі:

1) Еркебұлан Дайыров. Үздік ер адам рөлі ( Мәскеу кинофестивалі) «Шлагбаум» фильмі.

2) «Бродвей» кинопорталы, Әнуар Кенжебаев. «Байқоңыр» фестивалін ұйымдастырған.

3) Рашид Нұғыманов. Кинематографиялық өнері мен ғылымы Ұлттық академиясы.

4) Эля Гильман. «Сталкер» мектебі. Кино саласындағы білім.

5) Төлеген Байтөкенов. ЭКШН мектебі. Кино саласындағы білім.

6) Кәрім Қадырбаев. Баспасөз бен әлеуметтік желідегі жазбалары.

7) Данияр Ибрагимов. «Кино» дәмханасының ашылуы.

8) Әділхан Ержанов. «Киношок» фестиваліндегі жүлдесі, «Қаратас ауылындағы оба» фильмі.

9) Азат Сейтметов. Сеул қаласында өткен фестивалде хикаяның үздік драмалық актері жүлдесі («Әке» хикаясы).

10) Жасұлан Пошанов. Марракештегі Халықаралық фестивальде қазылар алқасының арнайы жүлдесі. «Шлагбаум».

11) Коммерциялық киноны дамытуға қосқан үлесі үшін - Асқар Бисембин.

12) Коммерциялық киноны дамытуға қосқан үлесі үшін - Асқар Ұзабаев.

13) Коммерциялық киноны дамытуға қосқан үлесі үшін - Нұртас Адамбай.

14) Коммерциялық киноны дамытуға қосқан үлесі үшін - Әсел Сәдуақасова.

15) Қазақ киносын дамытуға қосқан үлесі үшін - Бауыржан Шүкенов, кино туралы заңға қатысты жұмысы.

16) Қазақ киносын дамытуға қосқан үлесі үшін - Темірлан Төлегенов, кино туралы заңға қатысты жұмысы.

17) Коммерциялық киноны дамытуға қосқан үлесі үшін - Динара Шәйжүнісова. «Болашақ» қоры – фильмдерді қазақ тіліне дубляждағаны үшін.

18) Қазақ киносын дамытуға қосқан үлесі үшін. Рүстем Әбдірашев.

19) Қазақстан киносыншылар қауымдастығы. Гүлнар Әбікеева. Қазақстан киносыншылар қауымдастығын құру.

20) Қазақ киносын дамытуға қосқан үлесі үшін - Әмір Байғазин.

21) Қазақ киносын дамытуға қосқан үлесі үшін - Александр Костылев. Операторлық өнеріне қатысты Республикалық олимпиаданы ұйымдастырып, өткізгені үшін, «Тұран» университеті

Сонымен қатар, режиссерлар Сәбит Құрманбеков, Жәкен Дәненов, трюктерді қоюшы Жайдарбек Күнгіжінов және т.б. бөлек марапатталды.

 

 

Кәрім Қадырбаевтың мәтіні

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Мнения

21 желтоқсан, 2019

Bastau IFF: Жаңа буын киносы қандай мәселелерді көтерді?

«Бастау» ХКФ бағдарламасына шолу

Brod.kaz

Мнения

16 Қыркүйек, 2019

«BAIQONYR» Халықаралық кинофестивалі cтуденттер көзқарасымен

Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «кинотану» мамандандыруының 1-курс студенттерінің пікірлері

Brod.kaz

Мнения

6 Қазан, 2018

Baikonyr SFF-2018: Үздік фильмдерге шолу

Baikonyr Short Film Festival – байқауы көркемсуретті, анимациялық және деректі кино секциясы бойынша бағаланды

Brod.kaz

Таныс бейне

Ғабит Мұстафа

Актер

Ерлан Хайрушев

Актер

Никита Казанцев

Актер

Елхан Аманқұлов

Актер

Рүстем Түрікбенбаев

Актер