È

«Қара Ілбісін» айналымда көш бастауды жалғастыруда

22-25 ақпан аралығындағы кассалық жинақ

Қыстың соңғы демалыс күндері Стивен Спилбергтің Мэрил Стрип пен Том Хэнкс ойнаған «Құпия құжаттама» драмасы мен Ридли Скоттың «Әлемнің бар қаржысы» деректі оқиғасының шығуымен қуантты. Өткен аптаның демалыс күндері қандай кинокартиналардың көш бастағанын Қазақстандағы кассалық жинақ* мәліметтерінен оқыңыздар.

Отандық айналымда қатарынан екі апта бойы «Қара Ілбісін» блокбастері көш бастап келеді. Картина 22-25 ақпан аралығында 114 617 967 теңге жинады. Фильм «Marvel кинематография әлеміндегі» есеп бойынша он сегізінші болып есептеледі. Режиссері Феликс Гэри Грей болуы мүмкін еді, бірақ ол «Форсаж 8» фильмінің пайдасына бас тартты. Соңында, қоюшы ретінде Райан Куглер шақырылды.

«Мұз» спорттық драмасы 26 873 048 теңге жинады. Картина - режиссер Олег Трофимнің дебюттік жобасы. Фильм сценариін 2012 жылы Олег Маловичко жазған болатын. Автор мойындағандай, одан кейін оқиға бірнеше рет қайта жазылды. Негізгі түсірілім Мәскеу мен Сочида өтті.

 «Мұз» фильмінен көрініс
«Мұз» фильмінен көрініс

«Еркектер не туралы айтады екен. Жалғасы» ресейлік комедиясы алғашқы аптада 13 075 865 теңге жинады. Бұл «Еркектер не туралы айтады екен» фильмдер кезеңінің үшінші бөлімі. Алдыңғы бөлімдерін режиссер Дмитрий Дьяченко түсірген болатын. Еркектер жайлы оқиғаның жалғасын түсіруді 2016 жылы «Әйелдер нені қалайды?» таспасын шығарған Флюза Фархшатоваға сеніп тапсырды.

«Түнгі ойындар» американдық фильмі айналымды 12 652 500 теңгемен бастады. Бұл фильм актер Джейсон Бейтман мен Рэйчел МакАдамстың екінші бірлескен картинасы болды. Олар алғаш рет Кевин Макдональдтың «Үлкен ойын» фильміне бірге түскен болатын. Рэйчел Майкл Сирил Крейтонмен де екінші рет түсуде. Екеуі де 2015 жылы «Басты назарда» таспасында ойнаған.

Стивен Спилбергтің «Құпия құжаттама» драмасы қазақстандықтарды аса қызықтыра қоймады. Фильмнің кассалық жинағы 11 839 500 теңгені құрады. Айта кету керек, бұл Том Хэнкстің Спилбергпен бірлескен бесінші жобасы. Актер режиссердің «Қатардағы Райанды құтқару», «Қолыңнан келсе, ұстап көр», «Терминал», және «Тыңшы көпірі» фильмдеріне түскен болатын.

 «Құпия құжаттама» фильмінен көрініс
«Құпия құжаттама» фильмінен көрініс

«Жабайы» атыс-шабыс фильмі 11 082 600 теңге жинады. Фильм түсірілімі 2015 жылдың желтоқсанында өтті. Картина - каскадер Лин Одингтің алғашқы режиссерлік жұмысы. Маман «Басы» және «Қара сарбаз: Аңыздың жаңғыруы» фильмдерінің трюктарын қоюмен айналысқан.

Эротикалық франшизаның қорытынды бөлімі «Бостандықтың елу реңкі» жинақты 8 156 700 теңгеге толықтырды. Дакота Джонсон түсірілім үшін қатаң диетаға отырып, спортзалға барса, Джейми Дорнанға жүрісін өзгертуге тура келді. Актер өкшесінен аяғының ұшына емес, аяғының ұшынан өкшесіне қарай жүруді үйренді.

 «Бостандықтың елу реңкі» фильмінен көрініс
«Бостандықтың елу реңкі» фильмінен көрініс

Ең аз касса жинаған фильмдер: «Әлемнің бар қаржысы» - 4 246 200 теңге, «Үйдегі ергежейлілер» - 2 064 100 теңге, «Эббинг шекарасындағы үш билборд, Миссури» - 1 895 500 700 теңге және «Айға ұшайық» - 1 895 237 теңге.

 

Материал «Meloman-Кинопрокат» компаниясының және Comscore мен Ticketon.kz жүйелерінің мәліметтері бойынша дайындалды.

Қазақстанда Comscore жүйесіне Chaplin Cinemas, Star Cinema және Арсенал кинотеатрлар желісі қосылған.

 

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Ақан Сатаев

Режиссер

Вадим Шлахтер

Актер

Анастасия Фёдорова

Актриса

Игорь Бабичев

Актер